МАРАПАТ

744 Views

Жайсанбаеваның жетістігі аз емес  

дейді қоғамдық кеңес мүшелері

 Мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетудегі, өздеріне жүктелген міндетін атқарудағы жұмыстарына талдау жасап, үйлестіріп отыруды көздейтін қоғамдық Кеңестер қоғамдағы түйіткілді мәселелерді көтеріп жүр. Халықты толғандыратын күрмеуі қиын сұрақтар аудандық Қоғамдық кеңестің әрбір отырысында қаралып, талқылануда. Сондай маңызды отырыстардың бірінде Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев ауданның мәдени өміріне ерекше атсалысып жүрген «Әдемі-ау» халықтық бишілер ансамблінің меңгерушісі Ләззат Жайсанбаеваны арнайы шақырып, қоғамдық кеңестің Алғыс хатымен марапаттады. –Мен бұл қарындасымызды сонау Тәуелсіздік жылдарынан бері білем. Осы би саласында еңбектеніп келеді. Ауданға еңбегі сіңген, халықтың алғысына бөленген қыз. Шәкірттері аудандық іс-шараларда жоғары, кәсіби деңгейде өнер көрсетеді. Күні кеше  Астана төрінде өнер көрсетіп, Түрік ағайындардың елінде қазақ өнерін айшықтап келді. Ләззат Советқызын ауданымыздың мақтанышы десек те жарасады, деген Қоғамдық кеңес төрағасын кеңес мүшелері Рысбек Секербеков пен Түзел Алагөзова да қолдап, Жайсанбаеваның жетістігі көп екенін атап өтті.

Ерен еңбектің иесіне ерекше құрмет көрсеткен Қоғамдық кеңеске аудандық мәдениет және тілдерді да мыту бөлімінің басшысы Нұрдаулет Жамалбеков ыстық ықыласын, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ал, еңбегін елеп-ескергеніне ризашылығын білдірген Ләззаттың өзі «Әдемі-ау» бишілер тобын ең алғаш 1993 жылы құрғанын айтады.

Осыдан бес жыл бұрын халықтық атағын алған ансамбльдің құрамында қазір екі жүздей биші қыз өнер көрсетеді.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: