Ерсің сен, Ержет! жерлесіміз Азия чемпионы атанды

156 Views

Қырғызстан­­ның астанасы Бішкек шаһарында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен Азия чемпионаты өз мәрежесіне жетті. Бұл байрақты доданы республикалық «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп, жұртшылық назарына ұсынды. Сондықтан барша Қазақ елі Бішкекте өткен Азия чемпионатында балуандарымыздың қандай нәтижелерге қол жеткізгенін біз айтпай-ақ түсініп отыр деген ойдамыз.
Бізді қуантқаны сол, Абай ауылында дүниеге келіп, осы ауданда Нұркен Қырбасовтай білікті бапкерден грек-рим күресінің қыр-сырын үйреніп, қазіргі күні ауданымыздың ғана емес, қазақтай дархан елдің өр рухын айдай әлемге танытып жүрген жүректі балуан Ержет Жарылқасын Бішкек шаһарында өткен Азия чемпионатынан 63 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль еншілеп, тұғыр биігінен көрінді. Осылайша, жерлесіміз қарға тамырлы қазақтай қайсар елдің абыройын асырып, мерейімізді үстем етті.
Балуан Ержеттің жетістігін біздің газет ұдайы жазып жүр. Ержет Жарылқасын осыдан бірер ай бұрын ғана грек-рим күресінен 63 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған еді. Біз оны жаздық газетке. Енді міне, Ержетіміз Азия чемпионатынан да жеңімпаз болып оралып отыр.
Ержет Жарылқасын осы Азия біріншілігінде 4 белдесу өткізді. Алдымен Оңтүстік Корея елінің балуанын 6:4 есебімен ұтса, кейін Сауд Арабия елінің балуанын жеңді. Жартылай финалда Солтүстік Қорея елінің балуаны Чан Кимді 5:3 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ал, финалда Ержетті жас болса да, талай аламанның дуын көрген Жапония елінің үкілеген үміті Аято Сузики күтіп тұрған еді. Финал тартысқа толы болды. Қос балуанның да физикалық тұрғыдан жақсы дайындалып келгені көрініп-ақ тұрды. Қырғыз ағайындар да балуанымызға қошеметін аямады. Ержетіміздің тегінде де қайсарлық бар емес пе? Жапониялық балуанға сапалы әдіс жасады. Негізгі есеп: 6:6 болды. Дегенмен, жеңіс сапалы әдіс жасаған, яғни Ержет Жарылқасынның еншісіне жазылды. Осылайша Ержет Жарылқасын ересектер арасындағы Азия біріншілігіне алғаш рет қатысып, чемпион атанып отыр.
Жалпы Ержет турасында қысқаша мәлімет айтып өтер болсақ, ол 2000 жылдың 26 тамызында Абай ауылында дүниеге келген. Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы және 3 мәрте қола жүлдегер атанған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында ел чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің де жеңімпазы атанып үлгерді. Жыл басында ересектер арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болғанын жаздық. Енді Ержетіміздің Азия чемпионы деген дардай атағы бар. Ол оны бәзбіреулер ұқсап «жай» жүріп алған жоқ, табан ақы маңдай тер мен еселі еңбектің нәтижесі арқылы жеңіп алды. Біз оған әлбетте қуанамыз.
Кеше табаны туған жерге тиген Ержет Жарылқасынды Абай ауылының тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алып, ілтипат көрсетті. Абайлықтар былтыр Ержет Испанияда өткен халықаралық турнирлердің бірінде жеңімпаз болған сәтте де, жыл басында Қазақстан чемпионы атанғанда да өздерінің құрметтерін көрсеткен. Осы жолы да Абай ауылының тұрғындары Азия біріншілігінде топ жарып, жеңімпаз атанған балуан Ержетке сый-құрмет жасады.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбев арнайы барып, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, кездесуде аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков, ауыл ақсақалдары да сөз сөйлеп, балуанға алда өтетін жарыстарда ұдайы сәттілік серік болсын деген ниеттерін ұқтырды. Кездесу соңында ауыл тұрғыны, кәсіпкер Айтжан Ихиев өз атынан Ержет Жарылқасынға бір жылқы атаса, барша ауыл тұрғындарының атынан да бір жылқының құнымен шамалас ақшалай сыйлық табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: