Көлік құралдарын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидалары өзгерді

195 Views

2024 жылғы 23 сәуірден бастап еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында көлік құралдарын тіркеу барысында міндетті нотариаттық куәлан­дырылған көлікті сатып алу-сату шарттарын қабылдайтын болады. Бұл ретте мәміленің жазбаша нысаны жойылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көр­сету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кетейік, егер азаматтар қайта тіркеу үшін көлікті сатып алу-сату мәмілелерін нотариалды куәландырғысы келмеген жағдайда, олар екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы көлік құралын онлайн қайта рәсімдей алады.
Сонымен қатар, 23 сәуірден бастап жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды тек автомектепті бітіргеннен кейін ғана тапсыра алады. А және В, сондай-ақ, А1 және В1 санатындағы куәліктерге үміткер жүргізушілердің өзін-өзі даярлау арқылы емтихан тап­сыруына мүмкіндік беретін тармақтар емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларынан алынып тасталды.
Енгізілген жаңашылдықтар көлік құралдарын тіркеу және есепке алу, сондай-ақ, жүргізушілерді даярлау қағи­даларына өзгерістер мен толықтырулар енуінің арқасында мүмкін болды. Бұл әкімшілік процестердің тиімділігін арт­тыруға және жол қозғалысы қауіп­сіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қажет.
Өзгерістер «Жол қозғалысы ту­ралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне негізделіп, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен әзірленді. Қағидаға барлығы 53 түзету енгізілді.
Түзетулер жария талқылаудан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарап­тамадан өтті және ІІО мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі жөніндегі қоғамдық кеңеспен мақұлданды.
«Азаматтарға арналған үкімет» бар­лық көлік иелері мен жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді жаңа ережелермен танысуға кеңес береді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: