Бизнестегі нәзік жандылар бас қосты
Өткен жұмада аудандық іскер әйелдер қауымдастығы мен облыстан келген іскер әйелдер арасында бизнес тур өткізілді. Кәсіпкерлікті серік еткен нәзік жандылардың бас қосуындағы негізгі мақсат –аудандағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшелерінің ашқан және жұмыс жасап жатқан кәсіптерімен таныстыру. Жалпы, аудандағы іскер әйелдер қауымдастығының қатарында 30-ға жуық кәсіпкер бар. Сондай-ақ, әр ауданнан 40-қа жуық іскер әйелдер жиналды.
Айта кетейік, іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл болған, содан бері кәсіпкерлікті дамыту, балаларға білім беру, медициналық көмекті қажет ететін жандарға көмек көрсету мақсатында арнайы акцияларды өткізіп келеді. Аталған қауымдастықты ұзақ жылдар бойы жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Сұлукүл Серікбайқызы басқарып келеді. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен, тиянақтылықпен атқарып келеді.
Облыстан келген қонақтар арнайы жоспар бойынша лек-легімен қауымдастық мүшелерінің кәсіпорындарымен танысты. Біз де бұл шараның басы-қасында болып, өз көзімізбен көрдік. Аталмыш кәсіпорындар қатарында аудандағы «Азиза» бөбекжай-бақшасы. Балабақшаның жұмыс жасап жатқанына 5 жыл болған. Іші жылы, бөлмелері кең, ең бастысы таза. Кішкентай бүлдіршіндерімізге одан артық не керек. Сондай-ақ, «Сатжан» бау-бақшасы, «maira_wedding_kulan» той салоны, «Гүлдара» массаж және косметология орталығы, «zh_kalinina_atelier» тігін шеберханасы, «Gracia» дүкені, «Аяна и Б» бөбекжай-бақшасы, «Оразхан» шаруа қожалығы, «Ақниет» балалар ойын-сауық алаңы «Кофе брейк», «Айдар» шаруа қожалығы және «Тау самалы» деп аталатын демалыс орындарымен таныстырылды. Аталған кәсіпорындардың иелері қалай жұмыс жасап жатқандарымен бөлісті. Келген барша қонақтар разы болып, бастамалардың баянды болуына тілектестіктерін жеткізді. Аудандағы барша іскер әйелдер қауымдастығының мүшелерінің жүйелі жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Гүлнұр Аманжол.