Ауданда халықаралық конференция өтті
Туризмді түлетудің тиімді тетігін табу – күн тәртібінде тұрған мәселе. Мұнымен тек біздің ел ғана емес, бүкіл түркі халқы айналысуда. Соған сәйкес, 2015 жылы Түркі мәдениеті мен мұрасы Қоры құрылған болатын. Қорды құрудағы басты мақсат – түркі мәдениеті мен мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға арналған бағдарламалар мен жобаларды қолдау және қаржыландыру.
Аталмыш Қорды бүгінде Ақтоты Райымқұлова басқарады.
Осы аптада біздің ауданға Қордың Президенті Ақтоты Райымқұлова бастаған бірқатар делегаттар арнайы келді. Ондағы басты мақсат – қасиетті де, киелі Құлан қалашығының тарихымен терең танысу. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген қалашық маңында өткен халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысу.
Ең алдымен Қор Президенті бастаған топ киіз үйдің ішіндегі көрмені тамашалап шықты. Онда өңірдегі қолөнершілердің, суретшілердің ең таңдаулы туындылары қойылған. Сондай-ақ, аталмыш көрмеде Құлан қалашығынан табылған тарихи мұралар мен жәдігерлер де орын тапқан. Құрметті меймандар көрмемен толық танысқаннан кейін көне шаһардың өзіне барып, ондағы қазба жұмыстармен жақын танысты.
Айта кетейік, аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сеитова, Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков және Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен келген реставраторлар мен тарихи-сәулетшілер қатысты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.