Бірінші байлық – денсаулық

140 Views

Маусым айының үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 

Бүгінгі таңда аудандағы емдеу мекемелерінде 113 дәрігер және 474 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді. 2024 жылдың 5 айында ауруханаға медициналық мақсаттағы құрал-жабдықтар алуға барлығы 67,0 миллион теңге бөлініп, игерілді. Яғни электрокардиограф аппараты, операциялық аспалы шам, көп функциялы пациент мониторы, наркозбен дем алу аппараты, жасанды тыныс алу аппараты, дефибрилятор-монитор аппараттары және 2 санитарлық автокөлік алынды. Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру бойынша аудан әкімінің 24 қарашадағы №55-ө өкімімен өңірлік штаб құрылды. Өңірлік штаб кестесіне сәйкес, ауылдық округ әкімдері мен «Отбасы цифрлық картасына» жауапты мамандармен жұмыс алгоритмі бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Ерланның ісі де, сөзі де ем

Бүгінгі кейіпкеріміз – Назарқұлов Ерлан Ергешұлының медицина саласын таңдауына әжесі себепкер болыпты. Әжесі әлі санасы бекіп үлгермеген ойын баласы Ерланға «Болашақта дәрігер боласың» деп жиі айтқан екен. Дәл осындай оқиға біздегі көп отбасындағы қалыпты жағдай секілді көрінеді, яғни бірқатар ата-аналар өз баласының не дәрігер болуын, не мұғалім болуын қалайды. Ал аяулы әжесінің аялы сөзін ұстын етіп алған бала Ерлан болса, жастайынан бері адамдарға көмек көрсетіп, олардың денсаулығына араша түсетін дәрігер атануды армандайды. Сол себепті, ол медицина саласын таңдады.
Ерлан Ергешұлы 2002 жылы медициналық колледжге оқуға түсіп, осы саладағы алғашқы қадамын жасайды. Оқуын 2005 жылы ойдағыдай тәмамдаған кейіпкеріміз қазіргі Астана қаласында жедел жәрдем бөлімінде қызмет мансабын бастаған. Міне, осы бір жылдар Ерлан Назарқұлов үшін өте маңызды кезең болды. Себебі, оның медицина саласының қыр-сырын меңгерудегі алғашқы талпыныстарының куәсі де сол бір уақыттар еді.
– Астана қаласында еңбек еткен жылдарым маған үлкен тәжірибе болды. Адамдардың денсаулығы үшін күрес кезінде біршама маңдай тердің төгілгені де жасырын емес. Өзге жандардың денсаулығын сақтау үшін өз денсаулығыңды «екінші планға» ысырып қоясың. Алайда, бар жан-тәніңді салып істеген жұмысыңа жылы шырай танытып, ақ батасын берген талай жанды көзім көрді. Бұл мамандығыңа деген шабытыңды одан сайын арттырады, – деді өзінің бір сөзінде Ерлан Ергешұлы.
Ерлан Назарқұлов өзінің білімін толықтыру мақсатында Астана меди­циналық университетіне оқуға түсіп, 2017 жылы терапевт мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар, ол 2018 жылы реаниматолог-анестезиолог мамандығын да игеріп, осы жылы ауданымызға жұмысқа орналасады. Әрине, бұл тұста «Кейіпкеріміз неліктен үлкен шаһар Астанадан аядай ғана Құлан топырағына келді екен?» деген заңды сұрақтың туындауы ықтимал. Біз де Ерлан Ергешұлына осы жөнінде сауал қойып едік, ол кісі: «Иә, ел ордасы Астана медициналық және техникалық құрылғылары дамыған үлкен мегаполис. Елордамызда кез келген сала қарқынды прогресс үстінде. Ол жерде білімі жоғары, тәжірибесі мол мамандар баршылық. Әрине, менің алып шаһарда қалып, сол жерде өз қызметімді жалғастыруыма да болар еді, алайда, мен өзім үшін бейтаныс ауданға келіп, сол өңірдегі жандарға көмектескенді қаладым» дейді. Сөйтіп, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген Ерлан Назарқұлов өзі әлі бұрын-соңды көріп-білмеген Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасады.
Айта кетейік, кейіпкеріміздің жұбайы да – дәрігер. Яғни, екеуі де осы салада қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылар. Өмірде де, медицинада да жұбы жарасқан жарқын жандар.
Ерлан Назарқұловтың аудандық орталық ауруханада еңбек етіп келе жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында ол тағдырына тағылым болар талай тәжірибе жинағанын айтты.
– Дәрігерлерге көптеген адамдар келетіні өздеріңізге мәлім. Осы 7 жылдың ішінде біршама адамдармен тілдестім, біршама адамдарды емдедім. Алайда, өмір болған соң, біздің қызмет барысында қайғылы жағдайлар да орын алады. Сондай уақыттарда көңіл құлазып, бір сәт жан сарайыңа жанашыр таба алмай дал боласың. Бірақ, арманымның бастауы болған марқұм әжемнің маған айтқан шабытты сөздері еске түскенде, мамандығыма деген адал­ды­ғым одан сайын арта түседі. Адамдардың өмірін аман сақтап қалу үшін барымды салуға тыры­самын, – деп Ерлан Ергешұлы өзінің жүрегінің түбіне сақтаған сырлы сөзін ақтарды.

Марат Диханбай.

Дәрігерлер неге ақ түсті халат киеді?

Сіз білесіз бе?

Әлемде медицина қызметкерлерінің 75%-ы ақ түсті халат киеді. Біз медицина мамандарының осы бір киіміне қарап, оларды «Ақ халатты абзал жандар» деп атаймыз. Кішкентай кезімізден бері ақ халат киген жанды көрсек, оны дәрігер ретінде қабылдау санамызға сіңген қағида. Ал медицина қызметкерлерінің неліктен ақ халат киетіні туралы сіз бұрын-соңды ойланып та көрген шығарсыз. «Сіз білесіз бе?» айдарының бүгінгі топтамасында осы туралы тарқатып айтып көрмекпіз.
ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін дәрігерлерде ешқандай біркелкі форма болған жоқ. Тек ауыр операциялар кезінде ғана алжапқыш пен қолғап киетін. Ерте замандарда дәрігерлерді киіміне қарап танымайтын. Себебі, олар өз заманындағы нағыз танымал жандар болды, оларды жазбай танитын болған.
Ең алғаш ақ халат кию қажеттілігі туралы бастаманы ағылшын дәрігері Джозеф Листер көтерді. Бұл киім түрінің антисептік қасиеті туралы оның тұтас теориясы бар еді. Ал өткен ғасырдың басында Еуропаны тұмау індеті жайлағанда бұл теория расталды. Осыдан кейін жер-жердегі дәрігерлер жаппай ақ халат киюді бастады.
Халат туралы тағы бір қызықты дерек, өткен ғасырда халатқа қарап, хирургтің кәсібилігін бағалайтын болған. Операция кезінде халат пациент қанымен неғұрлым аз былғанса, соғұрлым хирург білгір маман саналған.
Енді халаттың қызғылт емес, сары емес, сұр емес, неге ақ түсті екеніне тоқталайық. Түстерді зерттейтін колориметрия деген ғылым бар. Сол арқылы шындыққа жанасатын жауап таба аламыз. Колориметрия ғылымына сенсек, ақ түс адамды ашықтыққа, тазалыққа, айқындыққа жетелейді. Демек, ақ түс пациенттерге оң ықпал етеді. Оның үстіне, ақ халаттағы жандарға пациенттер көбірек сенім артады. Статистикалық мәліметтер бойынша, ғалымдар ақ түстің адамның ойын шоғырландыруға көмектесетінін айтуда. Демек, ақ түс адам өмірін құтқаруға септігін тигізеді!

Поделиться ссылкой: