Бала қауіпсіздігі – басты назарда

52 Views

Бала – бауыр етіміз. Оларға сапалы білім беру және қауіпсіз орта қалыптастыру– баршамызға ортақ іс. Осыған сәйкес, өткен сәрсенбіде Құлан агротехникалық жоғары колледжінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен әкімдік жанынан құрылған құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға Жамбыл облысы әкімі аппаратының Терроризмге қарсы қызметті үйлестіру және құқық қорғау органдарымен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Бақытжан Саданов, аудан прокуроры Болат Қалыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов және тиісті бөлім, құқық қорғау органдары, мектеп басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде екі бірдей мәселе қаралып, оның алғашқысы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов баяндама жасады.
Жалпы балалардың құқығын қорғау, оларға қарсы жасалған қылмысты азайту мақсатында ауданда біршама бастамалар қолға алынған. Соның бірі – «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі. Аталмыш жүйе QR кодтар арқылы буллингке тап болған баланың жай-күйін қабылдайды. Онда бала қарапайым ұялы телефоны арқылы мәтін, фото, видео түрінде көмек сұрай алады. Хабарлама мектеп әкімшілігінің Whatsapp әлеуметтік желісіне тікелей түсіп, кейіннен ол бойынша тиісті шаралар қабылданады. 2023-2024 жылғы оқу жылында «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне аудан оқушыларының атынан 36 хабарлама келіп түскен.
Дегенмен, мұндай ақпараттық жүйенің өзі оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алуға дәрменсіз болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш айдың қорытындысымен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 300 пайызға өсіп кеткен.
Осыған байланысты Ернар Серікәліұлы жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Атап айтар болсақ, аудан әкімі психологтардың біліктілігін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторларды тарту, тәуекел тобындағы адамдарды анықтау үшін денсаулық сақтау мамандарымен бірлесе жұмыс атқару, жазғы демалыс кезінде балаларға түрлі бағытта концерттер мен тағылымы мол, мағыналы кинолар көрсету, ауылдық жерлердегі кітапханалардың жұмысын жүйелеу, мектеп оқушыларының еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды мықтап тапсырды.
Жиында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Қайсар Сүлеймен де баяндама жасады. Өз сөзінде Қайсар Бақытжанұлы жол-көлік оқиғалары, электросамокат, түнгі рейд бағытында атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына да бірқатар тапсырмалар берілді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: