150 Views
Мерекелік құттықтау
ҚҰРМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР!
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға жетелеуші мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ел мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!
Құрметпен, аудан әкімі Ернар Есіркепов.
Адамгершілігі мол АҚЕРКЕ
– Мемлекеттік қызметші болу – менің негізгі мақсатымның бірі болды, – деп бастады өз сөзін Ақерке Нұржанқызы. Алайда адам арманына бірден жете қоймайтыны бар ғой.
Дегенмен, ол алға қойған мақсатына тегінде жетті. Кейіпкеріміз 2015 жылы Құлан ауылшаруашылығы колледжін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша, ал 2018 жылы Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша аяқтаған. Түсінгеніміз бойынша екі оқу орнын аяқтаған.
Еңбек жолын 2019 жылы Т.Рысқұлов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша бастаған. 2019 жылдың 19 тамызында аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде хатшы болып жұмыс істеген. Осы жұмысты 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін атқарған. 2021 жылдың 2 наурызынан бастап Т.Рысқұлов ауданы әкімінің аппараты персоналды басқару қызметінің статисті, ал, 2023 жылдың 26 сәуірінен бастап осы бөлімшенің бас маманы болып еңбек етіп келеді. Ақерке Нұржанқызы дәл осы жылдары мемлекеттік қызметтің сан алуан қырын меңгеріп, өмір мектебінің шыңдалу жолдарынан өтіп, мол тәжірибе жинады деп айтсақ артық етпес.
– Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Бұл салада кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу маңызды, – деді. Ол елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс екенін бойына сіңіре білген. Және бір сөзінде кейіпкеріміз «Мемлекеттік қызметте өз ісін жетік меңгерген кәсіби білікті, адал, құқықбұзушылықтарға төзбейтін азаматтар ғана қызмет етуі тиіс» – деп есептейтіндігін жеткізді.
Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынуда. Олардың ішінде тың идеялар мен жаңашыл бастамаларға мұрындық болар жастардың да үлесін атап өту қажет. Мемлекеттік қызметшілердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Бұл қағиданы біздің кейіпкеріміз жақсы біледі.
Жүлделі ІІ орынды иеленді
2024 жылдың 17-18 мамыр күндері Шу ауданы, Төле би ауылында Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығына орай волейболдан мемлекеттік қызметшілер арасында ауданаралық турнир өтті. Турнирге жалпы 10 команда қатысты. Аталмыш турнирге біздің ауданнан да мемлекеттік қызметшілер барды. Яғни команда құрамы жасақталып, Шу ауданындағы турнирге аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы, Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұр, Қайыңды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбай, Көгершін ауылдық округінің әкімі Ернар Бағылбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, персоналды басқару қызметі бөлімшесінің бас маманы Ақерке Әсет, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Сабыржан Сәлімов, Абай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Берік Амреев, Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жаннұр Кексрауов, Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Бақытжан Қалдыбай, жуырда ғана аудан әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімшесінің басшысы болған Тоқтар Мамырбай және бас маман Гүлмира Қошанова жол тартты. Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сержан Сәрсеновтің осы жарысқа бару сәтінде көп көмегі тиген екен. Аталмыш турнирде мемлекеттік қызметшілерден жасақталған біздің ауданның командасы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Меркі ауданы ІІІ орынды, жүлделі І орынды Шу ауданы иеленді. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай бұл ақпаратты да мақаламызға тұздық ретінде қосуды жөн санадық.
Сіз білесіз бе?
Маусым айында кәсіби мереке көп. Соның бірі – Мемлекеттік қызметшілер күні. Олар кімдер десеңіз, нақтылай түсейік. Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2002 жылдың желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 57-ші отырысында 23 маусымды «Мемлекеттік қызмет күні» ретінде жариялау туралы қарар қабылданды және мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері әр елде осы күнді анықтауға ұсыныс беріледі. Ал біздің елімізде бұл күн 2013 жылы кәсіби мереке деп бекітілді.
Оның басты көздегені – ел игілігіне қызмет ету
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Әр қадамы қиындықтармен бірге жүретін қазіргі әлемде қоғамдық мүдделерді қорғауда шешім қабылдайтын тұлғаларды салыстыруға болатын лайықты азаматтар кемде-кем. Әрі олардың қатарында жастардың болуы мемлекеттің дамуына жаңа леп, жаңа дем берері анық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын» деген сөзі ел жастарына үміт, жігер сыйлады. Мемлекеттік қызметтегі азаматтар елді басқару, қоғамның мүддесін қорғап, әртүрлі қолдаулар көрсетуде және ауқымды бастамаларды іске асыруда. Себебі олардың саналы және тиімді жұмысы, ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттыруда және әлеуметтік дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызмет тек жұмыс емес, бұл – мәртебелі міндет. Бұл жолды таңдаған адамдар ортақ игілікке ұмтылады. Олар тек жеке қара басының пайдасы үшін емес, қоғамның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету мақсатында еңбектенуде. Солардың бірі әрі бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – Еркебұлан Кенжетайұлы. Еркебұлан Рахманқұл 1993 жылдың 30 сәуірінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Құлан ауылшаруашылығы колледжін, ал 2015 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Агрономия» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2013 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінен бастап, онда 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін статист маман ретінде қызмет атқарған. 2014 жылдың 1 сәуірінен 2016 жылдың 1 маусымына дейін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің Төтенше жағдайлар бойынша инспекторы, сол уақыттан 2019 жылдың 12 қарашасына дейін аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша инспекторы болып қызмет атқарған. 2019 жылдың 12 қарашасынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы, сол уақыттан бүгінге дейін Т.Рысқұлов ауданы әкімінің аппараты аймақтық бақылау және ұйымдастыру- инспекторлық жұмысы бөлімшесінің бас инспекторы қызметін атқаруда. Еркебұлан Кенжетайұлы өз сөзінде:
– 11 жыл бұрын мен өз өмірімді Мемлекеттік қызмет арқылы қоғамға қызмет етуге арнау туралы шешім қабылдадым. Бұл жол менің кәсіби таңдауым ғана емес, сонымен қатар туған жерім мен Тәуелсіз елімнің алдындағы борышымды өтеудің қайнар көзі болды. Мен қазіргі уақытта аудан әкімі аппаратының аймақтық бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімшесінің бас инспекторымын. Бұл лауазым талай жылдық еңбектің, табандылық пен адалдықтың нәтижесі. Менің қызметім ауданымыздағы ауылшаруашылық саласын үйлестіруге және бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жобаларды дамытуға, сондай-ақ, аймақтағы төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою шараларын ұйымдастыру болып табылады. Мемлекеттік қызметтегі жылдарымда мен өзіме жүктелген миссияны сәтті орындаудың негізгі қасиеттері кәсіпқойлық, жауапкершілік және көпшілікпен жұмыс істей білу екенін білдім. Мен үшін мемлекеттік қызмет – бұл ел игілігіне қызмет ету. «Басты міндет – халыққа қызмет» ұраны әріптестерімнің басты қағидасы. Менің бұл қызметтегі бағындырған белестерім мен атқарған қызметтерім көпшіліктің көз алдында өрбуде. Жеке-жеке тоқталғанмен біздің жұмыстың «айта кетер» тұстары көп-ақ. Жұмысымның үйлесуі мен әділ бағасын көпшілік берері анық. Біз жастар мемлекет тарапынан бізге көрсетіліп жатқан қолдаулар мен Президентіміздің сындарлы бастамаларын сезудеміз. Әрі бұл мүмкіндікті ел игілігі жолында тиімді қолданатынымызды атап өткім келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, отбасылық бақыт, жұмыстарына табыс тілеймін! – деп өзінің ақжарма тілегін білдірді. Бізде кейіпкеріміздің жұмысына сәттілік тілеп, төл мерекесімен құттықтадық.
Бетті дайындаған Гүлнұр АМАНЖОЛ.
Поделиться ссылкой: