ЖУРНАЛИСТ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
2021 жылғы Нобель сыйлығы сөз бостандығын дәріптеп, демократия мен мөлдір әлемнің негізін қорғауға күш салғаны үшін Ресейдегі «Новая газетаның» бас редакторы Дмитрий Муратовқа берілді. Лайық. Ол – сыйлықты алып, ізгі лебізін, ішкі лепесін білдіріп, сөз сөйледі. Қара қаламнан қуат тауып, қасіретті де, қасиетті өнердің қазығына байланған жандар үшін Нобель сыйлығын алу қандай қиын болса, Нобельде сөз сөйлеу де сондай қиыншылық туғызады. Әлем жұртшылығы әр әріпке мән беріп, әрбір сөзге назар аударатын мерейлі мезетте – сөзсіз лайық екеніңді дәлелдеп, абыройлы сыйлықты бекер алмағаныңды көрсету оңай шаруа емес. Қаламгер – әлем ауызына қараған сәтте әлем-тапырық күй кешпей, өз ұлтының ұпайын түгендеуге тырысады. Мәселен, Латын Американдық жазушы Мигель Анхель Астуриас 1967 жылы Нобель сыйлығында сөйлеген сөзінде «Біздің ең үздік романдарымыз жазылған емес, құдды дауыстап айтылған секілді. Сөз өз ішінде поэзия серпінін сақтайды», – деді. Бұл бір елдің, бір мемлекеттің, бір ұлттың емес – тұтас континенттің абыройын асқақтатып, беделін жоғарылатып тастаған сөз.
Дмитрий Муратов та Нобель сыйлығын алған мезетте журналистер қауымының қадірі туралы сөз қозғап, оңашада сананы сарсаңға салған оқшау ойларын ортаға салды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген мақалды біз басқаша түсінеміз. Әдетте, журналистерді де «итше үріп қана қояды» дейді. Журналистер мемлекеттің алға жылжып, ілгері қадам жасауына септесетін, елдің қарыштап дамып, тоқтаусыз өсуіне көмектесетін жанашыр жандар секілді. Журналистердің әрбір сөзі мемлекеттік қызметтегі жандарға қамшыдай тиіп, қарыштап қадам басуға қайрат беретіні де жалған емес.
Қоғам – үлкен механизм. Механизмнің бір бөлшегі бүлініп, бір тетігі істен шыққан сәтте – алға жылжу тоқтайды, даму болмайды. Осы механизмнің ең басты бөлшегі, ең маңызды тетігі – журналистер. Қоғамның бір толқында болып, адамдардың етене араласуы тікелей журналистерге байланысты. Сәтті шыққан бір сөйлемі үшін шаттанып, мардымды шыққан бір мақаласы үшін шарықтап кететін журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Тәңір Тағаланың таңдайға салған сөзі мен маңдайға жазған бағы мәңгілік болғай !..
Жәнібек ӘМІРЕ, журналист.