Инклюзивті балалар фестивалі

81 Views

Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығы және «Зере» оқу орталығының бірлесе ұйымдастыруымен алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың жетекшілерінің арасында «Айналаға мейірім шаш» деп аталатын аудандық шығармашылық фестиваль өтті.

Іс-шараның мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, олардың дарыны мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов қатысты. Комиссия мүшелерінің қатарында Кенжекүл Тулеева, Айжан Қойшыбаева, Мерей Буланкулова және Халида Кеупова болды.
Бұл фестиваль ауданда алғаш рет ұйымдас­тырылып жатыр. Жалпы кешке 20 маман, 27 бала қатысты. Шара жоғары деңгейде өтті. Қатысушы балалар түрлі би билеп, ән айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған шығармашылық топ таныстыру, өнер, көрініс кезеңдері бойынша бақ сынады. Өздерінің сазды әуендерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ерекше бүлдіршіндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Осындай кештер жиі ұйымдастырылса дейміз. Балапандар бір сәт үйден шығып, ерекше күйге бөленгендері анық. Жалпы «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығының жұмысы көңіл толтырарлық. Қандай да бір шара болса, басы-қасында жүреміз. Орталықтың төрайымы Жанат Даулеталиева.
Балалар фестивальге белсене қатысты. Оларды ынталандыру үшін арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ, шара ұйымдастырушыларының ерекше балаларға қуаныш сыйлап, демеушілік танытқан қайырымды жандарға айтар алғыстары шексіз.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: