Ауданда қос мереке атап өтілді

103 Views

Халқымыздың рухын көтеріп, қасиетті аспабын насихаттау мақса­тында шілде айының алғашқы апта­сында «Ұлттық Домбыра күні» аталып өтілді. Осыған байланысты аудандық салық басқармасының артындағы саябақта ұлттық домбыра күніне арналған «Бабамның үні домбыра» атты мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті. Шараның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін арттыра отырып, жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыту, мәдени сауатты, қазақтың аспаптық музыкасын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәр­биелеу, өнерге бейімдеу арқылы әсем­дік әлемін таныту, өнерге деген сүйіспеншілігін, ынта-ықыласын арттыру. Мерекелік шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық арда­герлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан тұрғындары, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік кештің шымылдығы аудандық «Өнер» мектебінің ұстаз­дарынан құралған домбырашылардың орындауындағы әйгілі күйші Құрман­ғазының «Балбырауын» күйімен түрі­ліп, одан әрі ауданның өнерлі жастары­нан құралған әншілердің өнерлерімен жалғасын тапты. Қазақ­тың қара домбырасы – бұл халықтың қазынасы.
Сондай-ақ, дәл осы күні бас қаланың туған күніне орай «Жайнай бер менің Астанам!» деген тақырыпта мере­келік шара өтті. Саябақта ұйымдастырылған кеште жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Мерекелік кешке жиналған аудан тұрғындары ерекше көңіл күйге бөленді. Кішкентай бүлдіршіндер ойын алаңшасында ойнап, бір серпіліп қалды.
Жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған шараға келген көпшілік естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: