Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде Шерхан Мұртазаның әрбір көркем туындысы, оның ішінде публицистикасы мен эссе мақалалары ерекше құнды әрі мағынасын жоймайтын рухани мұра болып қалды. Халық жазушысының әрбір шығармасының өз тарихы бар. Өмір бойы ел аузынан түспеген көрнекті суреткер қат-қарбалас, арпалысы бітпейтін лауазымды қызметте жүрсе де күнделік жазуға уақыт тауып, әр жылдар бойынша ең маңызды оқиғалар мен естен шықпайтын сәттерді қысқа күйінде түйіндеп қағазға түсіріп отырған. Жеке жан сыры мен ашық айтыла бермейтін, бірақ ұмытуға болмайтын ойлары мен өзіндік пікірлері де аз емес.
Әсіресе, абыройы дүрілдеп шыға бастаған жазушының өзі бас редактор болып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалалары мен эссе-жазбаларының бірде-біреуі қоғам мен сол кезеңдегі биліктің назарынан тыс қалмаған екен. Жүз мың данадан асып тарайтын тарихи-әдеби газеттің оқырмандары жазушының көкейкесті тақырыптарды қазып, қопарып зерттеп, төгілтіп жазған деректі дүниелеріне дән риза болып қолдап жатса, екінші жағынан бәзбіреулер биліктің атына қаратып айтылған оқшау пікірлерінен қате-кемшілік іздеп, жан-жағын өрт шалғандай байбалам салып, арыз-шағымды бұрқыратып отырған. Бұл болған жағдайды бірге қызмет еткен әріптес ағайындар аңызға бергісіз ғып айтатынын да жақсы білеміз. Қайсыбір жылдары ортаңқол басылымда небәрі екі жыл редактор болған кісі сол өмір кезеңінен екі том кітап жазып шығарғанын естіген Шераға сол жақ қасын қабағымен қоса тартып: «Не дейт?! Әр жылында бір кітапқа жүк боларлықтай не істеп қойыпты сонда? Ендеше мен қанша том кітап жазуым керек, ә?!» деп таңданысын жасырмаған-ды.
Елімізде «Баспасөздегі бас редакторлар» тарихын жасаған қаламгер тұлға бұл сөз-сауалында көркемдік талғам мен ардың ісін меңзеп отырғаны анық еді.
Жақында Алматыда атақты археолог-тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Уахит Шәлекеновтың туғанына 100 жыл толуына байланысты өткен іс-шарада ғалымдардың аузынан «Қазақ жеріндегі Баласағұн қаласының орнын қырық жыл бойы зерттеу жұмысында Уахит Шәлекеновтың еңбегі зор болды және… Құмда көмілген қаланың ізі мен архелогтар еңбегін алғаш және одан кейін де Шерхан Мұртаза баспасөзде ашық жазып, жария етпегенде қандай болар еді?» деп айтылған ыстық лебізді көп естідік. Ұлы ойшылдардың бір шағын шығармамен де әдебиет тарихында қалуға болады дейтіні бекер емес. Ал мына жерде сөз бір ғана жазбаның жаңғыруы туралы болып отыр.
Өзінің «Қазақ өркениеті» деген іргелі зерттеу кітабының сыртқы мұқабасына «Уахит Шәлекенов-Баласағұни» деп жазған автор да сонау 80-жылдардың ортасында Алматыдан қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбайұлының Шу өлкесіне, Ақтөбе жеріне келіп, көне ғасырдан сұлбасы жеткен Баласағұн қаласының орнын қатпар-қатпар топырақтан аршып жатқан археологтардың жұмысымен танысып қайтқанын, жазғанын оқығанбыз.
Басқасын былай қойғанда, қазақстандық ғалым Орта Азия халықтарының тарихын жазуда үлкен үлес қосқан белгілі шығыстанушы академик В.Бартольдтан бастап, кеңестік тарихшылар мен археологтар Қазақстанның оңтүстігіндегі ортағасырлық қалалар жөнінде жазған кезінде ерте заманнан бері талай өркениеттің куәсі болған Самарқанд, Бұқара, Испиджаб, Баласағұн, Отырар, Сауран, Сығанақ және басқа да шаһарлар саяси, экономикалық және мәдениеттің дамыған орталығы болғанын ашық мәлімдегенін жеткізеді.
Дегенмен, осы оңтүстік аймақтағы ертедегі ескерткіштердің орны мен тарихына ХХ ғасырдың басында қызығушылық пайда болғанымен, тек 1940 жылдардан кейін ғана арнайы зерттелгенін де ескеру керек дейді.
Баяғы Баласағұн (Ақтөбе) қаласы Шу өзені атырабында, қазақ жерінде болған деген пікірін өз нұсқаларымен кесіп, пішкен ғалымның ізденістері де тарих үшін қымбат және құрметті болуы заңдылық.
Тіпті, көне қала аумағында ұзындығы 56 шақырымға созылған бекіністі тұрғызғанда жергілікті адамдардың саны ондаған мың деп болжам жасайды. Ал енді қазбалар барысында су жүйесінің дамығанына көз жеткізген ғалымдар қатты таңданыстарын білдірген. Су диірмендерінің қалдықтары көмбеде осы уақытқа дейін бойларына талай сыр-жұмбақты, әлемдік су құбырларына тән жоба-жүйелердің схемаларын жасырып жатқаны белгілі болды. Атақты академик Әлкей Марғұланның өзі арнайы келіп, Баласағұн қаласының орны туралы «зерттей түсу керек» деген сөзі де себеп болды ма, біздің елімізде 1974 жылдан бастап Шу өңіріндегі ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы зерттеулерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің археологиялық экспедициясы жүргізуді біржолата қолға алды. Жыл сайын алажаздай болашақ археолог-тарихшы студенттер қазба жұмыстарына кәсіби тәжірибеден өту мақсатымен қатысу дәстүрге айналды.
Бұл ғылыми жүкті ұзақ жыл бойы абыроймен арқалап өткен археолог-ғалым, академик, «баяғы Баласағұн қаласын тапқан» деген атаққа ие болған У.Шәлекеновтың жетекшілігімен орта ғасырлық қаланың тарихи-құрылымы мен топографиялық құрамы анықталды. Бұл аса қажетті және ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ғана болатын іс. Есте жоқ ескі заманда салынып, ежелгі ғасырлар сұлбасын және мұраларын жеткізген мәдени ескерткіштердің көне тіршілік сипатын ашуда жас археологтар мен сарапшы тарихшы ғалымдар да көп еңбек сіңірді.
Қазақстандық танымал ғалымдар өз жазбаларында «Ақтөбеде шахристаннан ғана Қарахан дәуіріне жататын 5 мыңға жуық қоладан соғылған ақшалары шықты. Күміс теңгелер, қыш құмыралар, мыс теңгелер, есеп тастары, адамдардың қаңқасы, жанған бөренелердің күлі және тағы басқа заттар кең жер аумағынан үзбей табылды. Ал жерасты су құбырларының тартылу схемасында су айыру құмырасының табылуы сол дәуірде бұл қалада кемінде 10 мыңға жуық адамның тұрғанын аңғартады» деп тағы да ой қосады.
Академик У.Шәлекенов бұл табылған заттар және рухани мәдениеттің қалдықтары біздің жыл санауымыз бойынша V-VIII ғасырларға жатады деп ой түйеді. Алайда ІХ-ХІІ ғасырлар бойына түркі тайпасының ең үлкен астанасының бірі болған Баласағұн тарихи санадан шығып, оның орналасқан жері осы күнге дейін жұмбақ болып келе жатыр деп, Баласағұндағы археологиялық зерттеулердің аралық кезеңдегі қорытындысын да жасаған. Ал енді Баласағұн жұмбағы туралы Ш.Мұртазаның әйгілі жазбасы қоғам мен билікте қалай қабылданды?
Мұны жазушының көңіл күнделігінен-ақ талай сыр бүгіп жатқанын аңғаруға болады.
…Жұлдызды шақ.
Ақ қағаз бетінде сиясы төгіліп, әр әрпі бадырайып жазылған күйі түскен. Жазу столында күндіз де, түнде де ой түйіп, қып-қысқа сөйлеммен ғана артына қалдырған.
Мәңгілік… Ай туғанда арманды сәтте шек болар ма, өзі?! Міне, Шу өзені аспаны астында ай туып, жұлдыздар жамыраған кезде қаламгер жазғы палаткада жалғыз отырып «Орта ғасыр қаласының орны… Баласағұн шаһарында жүргендей көңіл. Өр тағдырлы өмір жаратқандай. Әне, археологтар, профессор Уахит Шәлекенов және оның жас әріптестері цитадельден шыққандай күбір-күбір етеді. Хан ордасы қандай болған? Қазба жұмыстарын түнде де жүргізе ме, қалай-қалай өздерін баптайды. Жоқты жоқ іздейді.
Түнде көрінген оттай болып… Домалайды дүние доптай болып…»
Бұл алдағы кезде жазылатын публицистикалық шығармасына әзірлік, дерек-дәйек, үзік-созық суреттер кейпі.
Тіпті, кезінде талай-талай талқы лаулар мен ресми пайымдауға және ғалымдар тарапынан түрлі тарихи, әдеби зерттеулерге арқау болған әйгілі «Баласағұн жұмбағы» туындысы, турасында деректі, көркем очерк жанрындағы дүниесіне негіз болған жазбалары мен қойын дәптерлері туралы дәл осылай айтуға болады.
Қазақ баспасөзінде алғаш рет Баласағұн жайында барлық мәселені толымды жазып, Қазақстан аумағынан табылған сан ғасырлық тарихи жәдігерлердің танымдық тағдыры хақында және соған орай туындайтын көкейкесті тақырыптар ашық айтылған мақала еді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, қоғам назарын аударған мақалада биліктің шымбайына бататын сын мен шындық та елеусіз қалмады.
Түрлі замандар болса да жер бетінен желмен бірге жоғалып кетпейтін Баласағұнның қай жерде екенін білмек түгілі, білгісі келмейтін дөкейлермен қатар ғылым саласының кейбір «дәулері» де доқ көрсетіп, жатып кеп «неге қатты сынайсыңдар?» деп тулаған.
…Ақ қарлы Алатау саясында Жетісудан бастау алып, әрі Әулиеатаға жалғасып, Қаратауға қарай асып, желмен жарысып жүйткіген мың көлік ағыны таңдандырып, сағындырмай ма, қалай ойлайсың?!
Бұл сіз бен біз таныған ұлы жолдың бойы.
Талай рет жүріп өткен жол. Бірақ, байқамайтынымыз көп…
Бұл күндері төрт қатарлы Алматы-Қордай-Шу магистральді жолдың Шу өзені көпірінен өткеннен соң көп ұзамай жол сілтемесінде оңға қарай «Баласағұн» деген жазуға көзің түседі.
Сол, сол жер, Шу бойындағы Ақтөбе. Алыстан, жасыл дүние арасынан елеусіз ғана ағараңдап бір қырат көрінер.
Анау цитадель – хан ордасы болған. Әне, шеңберленіп жатқан шахиристан. Шахиристан дегені сірә, уәзірлер, кәзіргі тілмен айтқанда, министрлер тұрған ғимараттар шығар.
Дәл осы жерде 1985 жылы маусым айында археолог-профессор Уахит Шалекенов пен арнайы сапарлап келген белгілі жазушы Шерхан Мұртаза тағдырлы тарихы мен ашылмаған сыры көп Баласағұн жөнінде сөз ағытып, көне қаланың тарихи мәнін тереңдете, байыта түсіп, өңірдің бойтұмары – Шу өзені жағалауы кешінде алыс-алыс жылдарға ой жіберіп шартарапқа саяхат шеккен.
«Күншығыста – осы өлкенің күміс белдігіндей жарқырап Шу ағып жатты» деп Шерағаға дейін қаншама мың жыл бұрын немесе одан кейін қаншама саяхатшы жазды екен?!
Кешегі кеңестік заманда «Талайғы шетелдік тарихшылар мен география қоғамының жиһанкездері өз шама-шарқынша зерттеп, қағазға түсірген ғылыми болжамдарын» місе тұтып жүргені болмаса, ғалым ағайындарың ұзақ жыл ат ізін салмағаны таңғалдырмайды ма? Бұған қазақстандық бірде-бір журналист, не жазушының қызығушылық туғызбағаны қалай?!
Білдей «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының бұл жаққа қарай тап өзінің арнайы ат басын бұруының осындай мән-мағынасы бар. Оның үстіне түркі әлеміне ортақ Баласағұн қаласының тарихына қатысты талас та бар-тұғын.
«Қазақстанның ғасырлар бойы қатпарқатпар болып тас-топыраққа айналған тарихын зерттеу үшін тарихшылар мен археологтар әлі талай тер төгуі керек» – деп қазылмаған қорғандар мен оқылмаған тас-топырақтар туралы мәселені ашып айтқан Шерхан Мұртазадан кейін 40 жылға жуық бойы көне қаланың қазба жұмыстары мен зерттеу нәтижелері жайында ешкім мандытып қалам тартпаған дегенімізге және сенесіз бе? Жамбылдық әуесқой тарихшы Амантай Айзахметовтың «Тайна города Баласагун или версия профессора Шалекенова» деген көлемді мақаласы (2002 ж.) ғана көзге түседі.
Себебі, неде?
Қазақ кеңестік энциклопедиясындағы «Зерттеушілер қанша іздесе де Баласағұнның орны дәл қай жерде екені әлі беймәлім» деп жазылған ақпарат та әлі күнге дейін өзгерген жоқ.
Аясы тар заманда қытымыр қоғамға қозғау салып, жоғары билікте дүрбелең туғызған бір «Баласағұн жұмбағы» деректі жазбасының ұзына бойынан екі мәселені ерекше бөліп қарауға болады. Автор археолог профессордың «Әне, оқылмай жатқан кітаптар!» деп жап-жазық далада сағым толқынындай мұнартып, қаз қатар түзіліп, бұғып жатқан жеті төбені көрсетуіне байланысты мынадай ой айтады: «Алматыдан алпыс шақырым Есік қаласының түбіндегі дәл осындай төбелердің бірінен «Алтын адам» табылған. Дәл осындай қазба байлық Египеттен табылып еді, бүкіл дүниежүзі шулады. Ал біздің «Алтын адам» табылғанда әуелі бір дүрлікті де «Осының өзі рас па, өтірік пе? » дегендей саябырсып қалдық. Археолог ғалымдарға мың рақмет, олар істерін істеді – әлемде теңдесі сирек қазына тапты. Ал енді сол «Алтын адамды» жұртшылыққа кеңінен танытуға жазушылар, ақындар, суретшілер жалпы әдебиет пен өнер қайраткерлері онша құлшына қойған жоқ. Ал, Египеттен табылған Тутанхамон перғауынның алтын табыты туралы қаншама кітап жазылды.
Мүмкін біз «Алтын адамның» қадір-қасиетін әлі жете сезініп болмадық па?» Бұл «көшпенділерде мәдениет жоқ, болған емес» деген жаны сірі, «итжанды» психологияның салдары емес пе?» деп сөзді сүйектен өткізіп жібереді.
Екіншіден, атақты Омар Хайямның тұстасы, замандасы, ХІ ғасырдың перзенті Жүсіп Баласағұни «Құтадғу біліг» атты поэзиялық кітап жазып, оны Қарахандар әулетінің екінші астанасы Қашқарда тәмамдап, Қарахандар әулетінің сол кездегі бүкіл шығыс түркілерді билеп тұрған «хандардың ханы» Тавғаш Қара Бограханға сыйға тартыпты.
«Құтадғу біліг» яғни «Құтты білік» баспаханасы жоқ сол заманда қолдан көшіріліп, дүние әлемге тарапты. Араб әрпімен көшірілген Каир данасы, Наманған данасы, ұйғыр әрпімен көшірілген Герат данасы деген қолжазбалар бар. Бұл шығарманы орыс тіліне ең алғаш атақты ғалым В.Радлов аударған. Тіпті, соңғы он екі жылдың ішінде «Құтты білік» орыс тілінде екі рет басылып шығыпты. Өзбектер әлдеқашан тәржімалап алды.
Сөздің атасын айтқан Шерхан Мұртаза осы тарихи деректерді алға тарта отырып «Жайбасар десең, өзіңе тиеді. Айтпайын десең, есең кетіп барады. Есесіне айрылу естілік те емес… Жүсіп Баласағұн метрлеп, сантиметрлеп есептегенде, дәл қазір шекарасында тумаған күннің өзінде (ал тумады деп айту қиын) түркі тілінде жататын қазақ халқына да ортақ емес пе?! Ендеше біз неге аудармаймыз?»деп мәселені төтесінен қояды. Әлде «Құтты білік» біз менсінбейтіндей ортақол дүние ме? Онда неге орыстар қайта-қайта жарысып аударады? Жүсіп Баласағұни «Құтты білікті» оқырманға таныстыру бөлімінде өз кітабы туралы:
«Надан адам түсінбес, назар салмас, Дана адам бір оқыса – ажырамас, – депті».
Бұдан кейін не болды дейсіз ғой. Академияның Тіл институы, Әдебиет институты, Госкомиздат осынау асыл қазынаны ортақ игілікке айналдыра алмай, кешігіп жатқаны, шынын айтқанда, ұятқа қалдырған мәселе болып судың бетіне шыға келді. Айқай, аттан басталады.
Дәл сол арада қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовпен болған екеуара сұхбатта «Жүсіп Баласағұн – түркі тілдес халықтардың әлі жігі онша бөліне қоймаған дәуірдің перзенті. Сондықтан оған қырғыздың ақ қалпағын да, өзбек пен ұйғырдың ала тақиясын да, қазақтың құндыз бөркін де кигізудің керегі жоқ. Ол – бәріміздің ұлы бабамыз» деген пікірі «сонда бұған кім мұрагер?» деген сауалға тура жауап болып жаңғырады.
Бұл сөз жоқ, тарихи мақала деңгейінде дүр сілкіндіргендей болды.
«Баласағұн жұмбағы» – қазақ әдебиетінің және ұлттық журналистика тарихында жан-жақты талдауға арқау болатын даусыз құнды эссе. Бәлкім, жанр жағынан жай-жапсары очерк, тарихи тақырыптағы жолжазбаға табиғатынан жақын болар. Көркем әңгімеге бергісіз елтану жазбасы десек те болады.
Ежелгі Баласағұн қалашығы орнына жүргізілген тынымсыз археологиялық жұмыстарға тиісті ұйымдар мен жергілікті билік тарапынан қолдау өте мардымсыз екені тіптен түсінбестік туғызғандай еді.
Сілкініс болды, сең қозғалды. Рухани қазынамыздың тұнық қайнары, көне де құдіреттісі – Баласағұнның мұрасын қазақ тілінде сөйлету мәселесі де жедел қолға алынды. Белгілі ақын, ежелгі түркі әдебиетін зерттеуші ғалым Асқар Егеубаевтың тарихта Қараханиттер дәуірі деген атпен белгілі бұл кезең (840-1212 ж.ж.) туралы ілгері-кейінді жазылған еңбектерге сүйене отырып түйген ойлары баспа, баспасөз беттерінде жариялағанын адалдық үшін айтуға тиіспіз. Ежелгі дәуірдің бір белесі Х-ХІ ғасырлар тұсындағы әйгілі еңбекке байланысты көрнекті ғалымның «Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» монографиясы» арада он үш жыл өткен соң 1998 жылы «Кісілік кітабында» жарық көрді.
Тағы бір таңқаларлығы, автор эссесінің арқауы – жер атауын аумақтық географиялық картаға түспеген, әлі шешуі табыла қоймаған күйінде былайша келтіреді: «Шу бойындағы Ақтөбе, бәлкім, Баласағұн. 1985».
Ежелгі, көне жер мен ел атауларын мөр басқандай осылай бедерлепті. Әдетте, мұндай жазбаларға уақыт пен мекенжайдың таңбалануы бірсыдырғы болып келетіні белгілі. Бұл жолы шежірелі тарихтан шер тарқатқан публицист-қаламгер олай етпеген, тарихи жер атауларының өзінен этнографиялық-археологиялық мәнісін ой астарымен аңғартып қойған. «Шу бойындағы Ақтөбе» дейді. Оған үтір белгісімен жалғастырып «бәлкім, Баласағұн» деп тұр.
Дәл осылай жазу былай қарағанда жәй ғана ескертпе секілді. Бірақ, ол талайымыздың ойымызға келе бермейтін оқшау сөзді қолданады. Бұл сөз бен ойдың ұштасуы жағынан Шерағаның соқпағынан сол замандағы суреткерлік шеберлігі, ғылыми дәлдіктің қажеттігін сезінуі және келешекте талай талқылауға жататын тұстары мен ішкі иірімдерін ірікпей іргелі зерттеулерге жүктеу екенін түсінуге болады. Тіпті, осылайша «мекенжайды» ерекшелеп, екіұшты етудің өзінен құнды мақаланың мазмұны мен мағынасын, түпкі мақсатын меңзеп, ашып беріп отырғанын аңғаруға болады. Ең керектісін түзу үшін, екі ауыз сөзбен-ақ, бергісі жер атауы Ақтөбе, арғысы қала атауы Баласағұн дейтін тарихшы ғалымдардың талайғы жылдардан бері жалғасып, бірде талас тудырып, бірде ортақ тұжырымға келген пайымдауларынан да хабар береді. Тарихты тану мен тарихты таңдауды үйлестірудің жолы – жеңіл жол емес. Сөз басында айтқанымыздай, тағдыр жолы, өмір соқпақтары ұлы тарихтың бір көшіндей көз алдымызда өтіп жатыр. Тарихи деректер мәнді, қызықты құбылыс. Өте ерте, ықылым замандардан бізге жеткен ескерткіштердің ерекше қасиеті де сол құбылыс жұмбақтарын ұрпақтар санасына жеткізетіндігі. Иә, биыл «Академик, тарихшы Уахит Шәлекенов – 100» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің танымал ғалым-тарихшылары Баласағұн қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді одан әрі жалғастырамыз деп мәлімдеді. Ғұлама, өзінің шындығына шаң жұқтырмай өткен У.Шәлекеновтың шәкірттері көнеден көкжиек тартқан тарихи таңбалары көмескі емес, іздей берсең, іздері айқын деп отыр. Ал, ұлт перзенті Шерағаның сол замандағы өткір ойлары мен сөздері қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза жанашырлықтың шыңынан айтылған еді. Жұлдызды суреткердің осыдан 40 жылға жуық бұрын жазған «Баласағұнның жұмбағы» туындысының қоғамда алатын орны мен тарихы, міне, осылай болған.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.