Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Егер менің Тұрғамбек атам тірі болса қазір 101 жасқа келеді екен. Әке-шешемнің айтуынша, 1942 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Меркідегі әскери комиссариаттың пәрменімен Қазақ ауылынан сегіз азамат майданға аттанады. Олардың ішінде Ыртай Малдыбаев, Әбу Қарашев және менің атам Тұрғамбек Қазақбайұлы Оспанов та болған екен. Он тоғыз жастағы «Жау қайдасың?» – деп жігері тасып тұрған қырандарды Сталинград майданына жібереді. Жаяу әскерде, одан соң атты жасақта барлаушы болған. Ол 1943 жылы неміс басқыншыларының Курс доғасында бетін қайтару шайқастарына қатысады. Екі мәрте жау оғынан жараланып, Белоруссия ормандарында жүріп, өзі соғысқан атқыштар полкына жау тылынан тың мәліметтер әкелгені үшін «Ерлігі үшін» медалін алады. Псков, Харьков, кейін Варшава, Берлин қалаларын азат етуге қатысады. Ол омырауын ордендер мен медальдарға толтырып, елге оралатын ба еді. Бірақ оны алда жапон самурайларымен соғыс күтіп тұрған болатын. Сөйтіп, екі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен бірнеше медальдар алған қатардағы сарбаз Оспанов Халқин Голда да болып, Отанымыздың Шығыс шебін жау қолынан азат еткен соң, 1947 жылы елге Жеңіспен оралады.
Соғыстан қайтқан жауынгер алғашында су қоймасында, одан соң машина жүргізушісі болып, отыз жылға жуық «Путь к коммунизму» колхозының қойын бағады. 1949 жылы қырғыздың Жолымбүбі есімді қызына үйленеді. Ол кісі он бір құрсақ көтеріпті. Төрт ұл мен жеті қыздың анасы болған апамыз Батыр Ана атанып, есімі елге қадірлі болады. Ұлдың үлкені Жарылқасын, Әбубәкір мен Жолдыбай, менің әкем Айдар – ұлдың кенжесі екен. Жеті қыз тапқан апамыз ендігі пейіште жатқан болар.
Атам Тұрғамбекті ауылдағылар – «шахматшы шал» дейді. Онысы рас. Атам жасы шау тартқанша аудандық, облыстық, тіпті республикалық шахматшылар жарысынан қалмайды екен. Қазір ауданда ол кісінің есімімен аталатын турнир өтіп тұрады. Атам аудан мен облыстың шахматтан бірнеше дүркін чемпионы болған. Өмірінің соңғы жылдарында ол кісі ауыл молдасы болыпты. Иә, мен майдангер атамды мақтан етемін. Өйткені ол кісі артына өнегелі ұрпақ қалдырып, біздің болашағымыз үшін Отанын қорғады.
Айасыл Тұрғамбек,
мектеп бітіруші.