Саябақтың сәнін кетірген кімдер?

134 Views

Жасыл желектердің санын ұлғайтып, саябақтарға сән келтіру үшін ауданда ерекше жобалар қолға алынған. Осы күнге дейін Қарақат, Көкдөнен, Жаңатұрмыс ауылдарында 3000-нан 10000 арасындағы тал-дарақтар отырғызылса, бұл жұмыстар кейіннен «Таза Қазақстан» акциясы аясында да жалғасын тапты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда аудан әкімі Ернар Есіркеповтің тапсырмасына сәйкес, орталықтағы саябақтардың алды толықтай асфальтталып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалуда. Дегенмен, жуырда «Құдайберген Датқа» атындағы саябаққа барып, ондағы жағдайды көзбен көріп, қатты құлазып қайттық. Неге дейсіздер ғой?! Ендеше айтайық… Көктем мезгілі келе салысымен аталмыш саябаққа 50-ге жуық сән ағаштары отырғызылған еді. Сол тал-дарақтарды ардагерлер мен жастардың басын құрап, аудан әкімінің өзі де еккен болатын. Мұндай игі іс-шараға тұрғындар да үн қоса ма деп жүргенде, шырша ағаштарының басым бөлігін төрт түлік жегеніне куә болдық. Ауыр айтты демеңіздер… Яғни, тұрғындардың бірі барлық адамгершілік қасиетін шетке ысырып, адамдар кешқұрым серуен құратын саябаққа… Қайталап айтайын… Адамдар серуен құратын саябаққа өз малын жайғанын ашық айтуымыз керек.
Құрметті аудандық полиция бөлімі мен Құлан ауылдық округінің әкімшілігі! Осы жазбаны ескеріп, барлық бейнекамераларды қолдана отырып, кінәлілерді анықтауларыңызды өтінеміз. Осы күнге дейін анықталған қандай шаралар қабылданғанын ресми түрде мәлімдеулеріңізді сұранамыз.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: