Мен таңдаған мамандық
Журналистика мен үшін қиындығы мен қызығы қатар жүретін, әрі көп ізденісті талап ететін ақпарат әлемінің айшықты саласы. Оның өміршеңдігін күнделікті өмірден теледидар мен газет-журналдардағы жаңалықтармен танысқанда біліп жүрміз. Сондықтан да оны өз құндылығын жоймайтын замана жаршысы деп білемін. Қазіргі таңдағы ақпараттар ағынын ғаламтор арқылы да, газет пен радио желісімен де ой-санамызға кемел де кенен дерек-дәйектермен сыйғыза аламыз ба? Өйткені біздің замандастарымыз осынау хабар мен ақпараттық технологиялар дамыған ғасырда өмір сүріп отыр ғой. Менің пайымдауымша, журналист осынау ақпараттар әлемінің бел ортасында жүретін нағыз замана жаршысы дер едім. Сондықтан болар журналист болуға деген жәй ғана қызығушылығым менің арманыма айналды. Сөйтіп, осы оқуды таңдадым.
Менің анам Мәдина Жақсылыққызы жас кезінде журналист болуды армандапты. Бірақ әншілігі басым болды ма, Жақсылық атамның: «Сен атақты әнші боласың» – деген әкелік ақыл-кеңесіне тоқтапты. Марқұм Жақсылық атам осы Талас ауданы, Тамабек ауылында мектеп директоры, нағашы апам осы мектепте ұстаз болған екен. Кітап оқуға деген құмарлығымды оятқан ата-анам. Олардың екеуі де өнер саласында жүрсе де, ауыздарынан Шерхан Мұртаза сияқты Халық жазушысын тастамайтын. Атағы айға жеткен Шерағамен осы шағын ауданда көрші тұрғанымды мақтан етемін. Ол кісінің «Ай мен Айшасын» он қайталап оқыған шығармын. Оның үстіне біздің үйге құландық журналист Сейсен Қожеке ата да жиі келіп тұратын. Ол кісінің өзімнің майдангер атам Тұрғамбек Оспанов туралы жазған мақаласын, тарихи-шежіре кітаптарын көп оқығанмын. Бұрын Сейсен ата облыстық «Ақ жол» газетінде жұмыс істейтін. Қазір зейнетте, бірақ үйімізге жиі келіп тұрады. Атамның өмірі туралы, көне Құлан тарихы туралы жазған фәлсафалары, әсіресе, журналистік салада еңбек еткен елу жылында жиған-тергені, өмірден өтіп кеткен талантты жазушылар Рақымжан Отарбаев пен Несіпбек Дәуітаев ағаларды жиі есіме түсіреді.
Айтпақшы, өзіміздің «Ар-Ай» және «Ақ жол» газеттерінде жарық көріп тұратын жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы мен суырыпсалма ақын Есет Досалы ағаның жазып жүрген дүниелері де жаныма жалау екенін несіне жасырамын. Журналист болуға еліктірген осы кісілер емес пе, мені? Менің ойымша журналистиканы таңдаған әр талапкер бүгінгі заманның шындығын аса қайсарлықпен жаза білуі тиіс. Биылғы көктем еліміздің тоғыз облысын шырт ұйқысынан оятты. Атырау, Орал, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарын қарғын су басты. Ел содан есін әрең жиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үйсіз-күйсіз қалған отандастарымызға жаңа баспана салып беріп, көмекке мұқтаж адамдарға қаржылай да, рухани жағынан да жәрдем қолын созды. Енді міне, өзіміз сияқты жастар, еріктілер мен блогерлер «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, елдімекендер мен аулаларды күл-қоқыстан тазартып, көріктендіріп, көгеріштендіруге бір кісідей атсалысуда. Осы жалпыхалықтық акцияға біздің Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназияның түлектері де бір кісідей атсалысты.
Енді міне, алтын ұя мектебімізбен қоштасып, жаңа өмірге жолдама алдық. Мен Астанадағы өзім таңдаған мамандық бойынша оқуға түсуге бел будым. Өйткені журналист болу менің бала кезден арманым еді. Әйтеуір жазушы ағаларым сияқты не жазсам да айна-қатесіз, боямасыз ақиқатты ақтара жазатын шыншыл журналист болсам деймін. «Ар-Ай» газетін үзбей оқимын. Шіркін, марқұм Болат Бекжан атамыз қандай қарымды жазушы-драматург, ақын еді. Қазіргі Тұрсынбек аға, Сұлтанбеков ағамыз басқарып отырған редакция журналистері де тек шындықты жазып жүр. Мен де солардай болсам деймін.
Айасыл АЙДАРҚЫЗЫ,
Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі.