Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге инвестиция тарту мәселесіне баса мән беріп отырғанын саясаттан хабары бар жұртшылық жақсы біледі. Яғни ол құр сөз күйінде қалып қойған жоқ. Республикада ол бойынша тиісті шаруалар да атқарылып жатыр. Бұл жерде көзделген басты міндет – еліміздің әрбір өңірінде өндіріс ошақтарын салу. Ал, ол дегеніңіз – сол өңірдің халқы жұмыспен қамтылады деген сөз. Сондықтан да болар, қазіргі таңда облыс әкімдері де, аудан әкімдері де өңірге инвестиция тарту ісіне айрықша ден қойып отыр.
Өңірге инвестор тартып, жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамту жайы аудан әкімі Ернар Есіркеповтің де қолға алған басымдықтарының бірі. Ол үшін тіпті арнайы жер телімі бөлініп, экономикалық аймақ та белгіленген. Мақсат – осында өндіріс ошағын саламын деп ниеттеніп келген инвесторларға барынша қолдау көрсету.
Кеше ауданымызға «Wuhan Top Resources Holdings Co Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Ли Вей бастаған қытайлық инвесторлар делегациясы келіп, аудан әкімі Ернар Есіркепов бастап, аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев және аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанаділов қостаған аудандық атқарушы билік өкілдерімен кездесті. Кездесуде қос тарап инвестициялық игіліктер жөнінде сөз өрбітіп, жан-жақты талқылаулар жүргізді. Айта кетейік, қытайлық инвесторлар ауданымызда кварцит өндіру және күн көзінен қуат алатын электр станциясын салуға ниетті. Өз сөзінде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданымыз кез келген кәсіпті жүргізуге қолайлы өңір екенін тілге тиек етіп, өз тарапынан ұсыныстарын айтты. Мәселен, соның бірі ауданда тері-жүн өңдейтін зауыт салу. Себебі қазіргі күні қой мен ешкінің жүні қоқысқа тасталып жатыр. Аудан басшысы егерде қытайлық инвесторлар осы мәселені қолға алатын болса, бұдан да қыруар табыс табуға болатынын жеткізді. Осындай зауыт салу жөнінде тұрғындар тарапынан да ұдайы ұсыныстар айтылып жүр.
Әзірге қос тарап өзара пікірлесіп, талқылау жүргізді. Қытайлық инвесторлар кез келген іске бірден бел шешіп кіріспейтіні белгілі. Зерттейді, зерделейді. Сондықтан бұл мәселенің мән-жайы бірер айдан кейін белгілі болады.
Марат Диханбай.