Бір кем дүние

84 Views

Ұрпақ
Жаманнан жақсы туады,
адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан жаман туады,
бір аяқ асқа алғысыз.
Халық даналығы.
Оның аты Сапарқұл еді. Енді оған «шолақ» деген анықтама қосылды. Өйткені бұл ауылда тағы бір Сапарқұл бар болатын.
– Ой, Сапарқұл туралы газетке жазыпты, – дейді біреу.
– Қай Сапарқұл? – деп сұрады енді біреуі.
– Шолақ Сапарқұл.
О басында ол шолақ емес еді, ұлы жаһан соғысы кезінде, Ленинград түбінде жаудың снаряды оң қолын топшысынан жұлып кетіп, содан бері «Шолақ Сапарқұл» атанды.
Жарықтық жақсы кісі еді, мүгедекпін деп жатып алмай, аянбай жұмыс істейтін. Колхоздың қойын бағатын. Майданда ғана емес, еңбекте де батыр еді.
Сол Шолақ Сапарқұл бір күні маған келіп:
– Інішек, сенің орысшаң бар ғой, маған орысшалап арыз жазып бере қойшы,– дегені ғой.
Сөйтсе, Шолақ Сапарқұл о басында І топтағы мүгедек ретінде ақша алады екен. Соңғы кезде қайтадан комиссияға салып, сол комиссия оны ІІ топқа түсіріп тастапты.
Содан отыра қалып, сол кездегі СССР Жоғарғы Кеңесінің бастығы Ворошилов жолдасқа Шолақ Сапарқұл атынан арыз жазайын.
Тәңір жарылқағыр, сол хат Ворошилов жолдастың қолына тиіп, І топтағы мүгедектігін қалпына келтірген ғой.
Бұл заманда Ворошилов жолдас та жоқ, Шолақ Сапарқұл да о дүниеде.
Шолақтың немересі бар. Құдай сорлатқанда, маскүнем. Және мен тұратын үйдің іргесінде, көрші. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деуші еді. Мынау ондай болмай шықты. Өзі ылғи мас болып алып үйінде жатады.
Тура менің жазу жазып отырған бөлмемнің тұсына әупілдетіп, арсылдатып есектей итін байлап қояды. Ол ит көбінесе аш болады. Есі дұрыс-ау деген келін көрінбейді. Ит аз болғандай, байлаулы есек ішегін тарта ақырады. Жемі таусылған тауықтары қақылықтайды да жүреді.
– Шырағым-ау, мал-жаныңа қарасаңшы, мазаны алды ғой, – десем:
– Мазаңды алса, көшіп кет, – деп дүрсе қоя береді.
Көше салу оңай ма, қайда сиясың? Баспадан, шартқа отырып, азын-аулақ тиын-тебен алып едім, кітабымды бітіре алмай қиналдым.
Бір күні таң құланиектене далаға шықсам, әупілдек төбетті жетектеп, әңгі есекке мініп алып, ақ киімді кісі кетіп бара жатыр екен, ақ шапанының оң қол жақ жеңі желбірейді.
— Апыр-ай, мына кісі баяғы Шолақ Сапарқұл емес пе? – деп аң-таң қалып, қасына жақындай бергенім сол еді, әлгі ақ киімді кісі лезде ғайып болды.
– Сенің мазаңды алмасын деп едім, – деген дауыс шықты. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ. Күн жұма еді. Үйдегілерге айтып, шелпек пісіртіп, бір тоқтыны сойғызып, көршілерді шақырып, құдайы тамақ бергізіп, мешітке барып әруақтарға арнап дұға оқытқызып, Шолақ Сапарқұлға деп бір рәкат намаз оқып, көңілім жай тапқандай болдым.
Бір кем дүние.
Диоген
Баяғыда Диоген есімді атақты оқымысты, философ кісі өмір сүріпті. Бір қызығы, ол теңіз жағасында бөшкенің ішіне кіріп алып, құйрығын күнге қыздырып жатады екен. Сондай бір кезде оның атағына тәнті болған, жарты әлемді жаулап алған жаһангер Александр Македонский – біздіңше Ескендір Зұлқарнайын сол Диогенді әдейі іздеп келіп, сәлем бермекші болыпты.
Сөйтсе, Диоген әдетінше бөшкенің ішінде құйрығын күнге қыздырып жатыр екен. Александр Македонский өзінің Буцефал деген тұлпарының үстінде тұрып:
– Диоген! Саған сәлем беріп тұрған Ескендір Зұлқарнайын! – депті.
Сонда Диоген бөшкенің ішінде теріс қарап жатып:
– Ескендір Зұлқарнайын болсаң кәйтейін. Күннің көзін көлеңкелемей, былай тұршы, – деп айтты дейді.
Атағы жер жарған Ескендір Зұлқарнайын не дерін білмей, абыржып қалса керек.

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: