ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

36 Views

 

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен  шарттарын жоймай онымен күресу – жел диірменмен алысу», – деп атап өткендей, қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің өркендеуі ең алдымен ашықтық, әділдік және          Заң үстемдігі қағидаттарына негізделеді. Ел Президенті көтерген   бұл маңызды ұстаным бүгінде ауданымызда жүзеге асырылып жатқан барлық жұмыстардың негізгі бағытына айналды.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік институттардың тиімділігіне кері әсер етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтіні белгілі. Осыған байланысты ауданымызда              Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты аясында жүйелі әрі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Басты мақсат – жемқорлықтың туындауына  жол ашатын алғышарттарды жою, тәуекелдерді азайту және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру.

Ауданда жүргізіліп жатқан кешенді алдын алу шараларының негізінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен құқықтық сауаттылықты көтеру бағыттары тұр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру  ең әуелі ағартушылықтан басталады. Биылғы 4 айда жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 12 іс-шара өткізіліп, 800-ге жуық жас қамтылды. Бұл – жас буынды адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарына тәрбиелеу жолындағы маңызды нәтижелердің бірі болып табылады.  Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 1 жоба тұрақты түрде   іске асырылып келеді. Бұл жоба қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.

Ауданда «Адал ұрпақ», «Халық заңгері» сынды жобалар белсенді жұмыс істеуде. Бұл бастамалар адалдық құндылықтарын насихаттап, қоғамның сенімін арттыруға қызмет етеді.    Мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексі мен қолданыстағы заңнаманы сақтау бойынша жүйелі оқыту, семинарлар мен түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия  жыл басынан бері 1 отырыс өткізіп, онда сыбайлас жемқорлық бойынша 4 мәселе қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

Электронды мемлекеттік қызметтердің дамуы – жемқорлықтың алдын алудағы тиімді тетік. «Электрондық үкімет», «Е-лицензиялау», kezekte.kz, gosagro.kz, enbek.kz, Damumed және өзге де платформалар қызмет көрсету сапасын арттырып, адам факторын азайтуда. Бюджет шығындарына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Ашық бюджет» порталында ауданның барлық қаржылық ақпараттары тұрақты жарияланып отырады. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру, заңға құрметті арттыру – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі жолы. Сауатты азамат қандай да бір құқыққа қайшы әрекетке тап болғанда, оны айналып өтудің емес, заң аясында шешудің жолын таңдайды.

Жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Адалдықты өмір салтына айналдыру арқылы ғана Жаңа Қазақстанның биік мақсаттарына    қол жеткізе аламыз.

ЕРНАР ЕСІРКЕПОВ.

Т.Рысқұлов ауданының әкімі.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий