Жаңа Жолдау – жаңа белеске жетелейтіні анық

101 Views

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жолдады. Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын еліміздегі барлық мемлекеттік телеарналар тікелей эфирде көрсетті. Мен Президентіміздің Жолдауын «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрдім. Мәселен, жеке пікірімді білдіретін болсам, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мына сөздерін мен ғана емес, барша отандастарымызда тыңдады деп ойлаймын.
– Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет. Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді. Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек, –деді Президент. Мемлкет басшысының «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс» деген сөзі нағыз еңбек адамдарына жігер сыйлағаны анық.

Қожайхан Бижанов,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: