Бар нәрсеге білім қолды жеткізер

27 Views

Рәбиға Жаңабердиева басшылық ететін Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінде 547 оқушы білім алады. 2023-2024 оқу жылында аталған білім ошағын 48 түлек тәмамдаған. Оның 39-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қуатбек Ақерке есімді мектеп түлегі ҰБТ-дан 130 бал алыпты. Жалпы, ҰБТ-ға қатысқан 39-түлектің 17-сі өздері таңдаған мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атаныпты. 2023-2024 оқу жылында бұл мектептің білім сапасының пайыздық өлшемі – 88,8 пайызды құраған екен. 

Жаңа оқу жылында Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінің табалдырығын 42 бала аттап отыр. Ал 11-сынып оқушыларының саны – 57. Бұл мектептің оқушылары көптеген байқауларда жүлдегер болып жүргенін көзіміз көріп жүр. Сондықтан жаңа оқу жылында да мектеп оқушылары былтырғы межеден асып түсіп, билік белестерді бағындырады деп сенеміз.
1 қыркүйек – Білім күніне орай Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» деген тақырыпта салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов, Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұр және ардагер ұстаз Бүркітбай Оразалиев те салтанатты іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында болды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жақында ғана өткен мұғалімдердің тамыз кеңесінде білім саласындағы мәселелер талқыланып, жетістіктердің де сөз болғанын тілге тиек етті. Аудан әкімі Ернар Есіркепов ұлағатты ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының бастау алуымен құттықтап, жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалар салған сара жолмен жүріп, білім бәсекесінде тек қана биік белестерді бағындыра берулеріне ниеттес екенін жеткізді.
Содан соң ардагер ұстаз Бүркітбай Оразалиев сөз сөйлеп, аталмыш білім ошағының ұстаздары мен оқушылары жаңа оқу жылында мол табысқа кенеле берсін деген ақжарма тілегін жеткізді. Шара мектеп ұжымы дайындаған мерекелік жиынға ұласып, оқушылар ән айтты, мәнерлеп жатқа өлең де оқыды. Шара соңында алғашқы қоңырау соғылып, 1-11 сынып оқушылары аудан әкімі Ернар Есіркеповпен бірге естелік суретке түсті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий