Ұлттық спортты ұлықтап жүрген азаматтар

76 Views

Аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшілері ұлттық спортты ұлықтап жүрген азаматтар жөнінде ауық-ауық болса да, газеттің етжеңді нөмірлерінде мақалалар жазып тұрады. Құдайға шүкір, ауданымызда жақсы атбегілер, көкпар тартатын білекті жігіттер, аламан көрсе делебесі қозып тұратын шабандоздар баршылық. Жақында бір қуанышты жаңалықты да естідік. Мубарахан Қазыбеков, Жәнібек Алибеков, Есіркеп Бейқұтов, Бақытжан Изенбаев және Мейірбек Ахметов секілді ауданымызға ғана емес, облыс, тіпті республикаға белгілі атбегілер халықаралық спорт күніне орай ұлттық спорттың дамуына қосқан ерен еңбектері үшін «Сәйгүлік» медалімен марапатталыпты. Бізге бұл қуанышты жаңалықты «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-нің директоры Жанат Бағылбеков редакциямызға арнайы келіп, айтып берді.
Мубарахан Қазыбековтің есімін бәйге десе елең ете қалатын жұрт сонау 1998 жылы ел астанасы Астана қаласына ауысып, сол кездерде ұйымдастырылған аламан бәйгеде біле бастады. Яғни 1998 жылы Мубарахан Қазыбеков баптаған сәйгүлік аламан бәйгеде жүлделі бірінші орынды иеленді. Одан кейін де талай бәйгелерге ат баптап қосып, 30-дан аса ірі қара ұтты. Біз газет бетінде кейіпкер қылып жазған Жәнібек Алибековтің де сәйгүліктері ҚР Президентінің Кубогінде, республикалық Ұлы Дала ойындарында, облыстық деңгейде өткен көптеген бәйгелердің жеңімпазы атанған. Оның да сәйгүліктері автокөлік, 20-дан аса ірі қара ұтқан. Атбегі Есіркеп Бейқұтовтың да есімін аудандағы ат спортына ынтық адамдар жақсы біледі. Ол баптаған сәйгүліктер де талай бәйгелерде оза шауып, 6 ірі қара ұтқанынан да хабарымыз бар. Бақытжан Изенбаевтың да сәйгүліктері облыстық, республикалық деңгейде өткен бәйгелерде 9 бірдей автокөлік, 100-ден аса ірі қара ұтқан. Аламан бәйгеде ҚР Президентінің Кубогін, одан бөлек те әр жылдары өзге аламандарда 22 автокөлік, 100-ден аса ірі қара ұтқан Мейірбек Ахметовтің де бапкерлік қыры атқа құмар ағайынға етене таныс. Жақында ғана ел халқына арнаған жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өз жұмысына кәсіби тұрғыдан қарап, жауапкершілікпен жұмыс істейтін адал азаматтарды насихаттау» жөнінде айтқан болатын. Мінеки, біз атаған атбегілер жұмыстарын адал істеп, айналаға сыйлы болып отырған азаматтар. Сондықтан оларға берілген марапат лайықты деп білеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: