Ауданның даму көрсеткіштері сараланды

99 Views

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХХІІІ сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов төрағалық еткен жиында бірқатар мәнді мәселелер қаралды.

Атап айтар болсақ, күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес аудан әкімі Ернар Есіркепов депутаттарға ауданның экономикасын дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жалпы бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Нақты атап өтер болсақ, ағымдағы жылдың 7 айының өзінде жалпы шығарылған өнім көлемі 32,5 млрд. теңгені құраған.
Оның ішінде 8,0 млрд. теңге өнеркәсіп саласына тиесілі болса, ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім құны 17,3 млрд. теңгені құрап отыр.
Биыл ауданның құрылыс саласында да ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Мәселен, дәл қазір Малдыбай ауылында 120 орындықты білім ошағы салынып жатса, Қарақатта мектепке жапсарлас спорт залдың іргетасы да қалануда. Сондай-ақ, биыл аудан аумағында үш бірдей денсаулық сақтау мекемесінің де құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Қайыңды мен Р.Сәбденов ауылында 15 келушіге, Қорағаты станциясында 10 келушіге арналған емдеу мекемесі ашылмақ. Жиында бұл туралы аудан әкімі Ернар Серікәліұлы кеңінен мәлімдеп берді. Аудан басшысы өз сөзінде тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстарына 2,2 млрд. теңге жұмсау жоспарланғанын, бұл қаражат аясында 8 жоба жүзеге асатынын жеткізді.
Сондай-ақ, жиында аудандық полиция бөлімінің жұмыстары да қаралып, мәслихат депутаттары тарапынан бөлім басшылығына бірқатар ұсыныстар берілді. Әсіресе, мал ұрлығын азайту, салаға ақпараттық технологияны енгізу, учаскелік инспекторларға жайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Сессия отырысында аудандық мәслихат депутаттары Мұратжан Мейманханов пен Ертіс Тұғылшиев жарыссөзге шығып, сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Тілге тиек ете кетейік, жиын барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Абақұлы өз әріптесі, аудандық мәслихаттың депутаты Ердос Сақпанқұловты марапаттады. Ердос Тілепбайұлының кеудесіне «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газеті ұсынған «Үздік депутат» төсбелгісі тағылды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: