Облыстық сот төрағасы азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады
Ел Конституциясының алғашқы бабында көрсетілген басты құндылықтың бірі – «Адам және оның өмірі». Бұл біздің елде ғана емес, азаматтық қоғам орнап, өркениеті дамыған елдердің барлығында солай. Адам және оның өмірі бірінші орындағы құндылық.
Мемлекет басшының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты қағидасы да осы құндылықтың аясында жүзеге асырылуда. Яғни, жергілікті атқарушы билік халық айтқан кез келген түйткілді мәселелерді тыңдап, оны құрғақ уәдеге салмай, нақтылап, келелі проблеманы дер кезінде шешудің жолдарын қарастыру керек. Бекітілген кестеге сәйкес өткізілетін кездесулерден бөлек, қоғамдық қабылдауларда өтіп тұратыны сондықтан. Бұндай қоғамдық қабылдауларды тек әкімдер емес, соттардың да төрағалары өткізеді. Бұндағы басты мақсат – тұрғындарға заңның үстемдігін түсіндіріп, оларға дәйекті кеңес беру.
Өткен аптада Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ахметжанов Ербол Ұлатайұлы ауданымызға келіп, аудандық сот ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға жазылған тұрғындардың сұрақтарын мұқият тыңдаған Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ұлатайұлы қойылған әрбір сауалға заңдық тұрғыдан нақты әрі пайымды жауап қайырды.
М.Аятберген.