4 шәкіртінің 4-еуі де жүлдегер
Қыркүйек айының 16-сы мен 19-ы күндері аралығында Тараз қаласында 2007-2008, 2009-2010 және 2011-2012 жылғы туылған жасөспірім қыздар арасында Жамбыл облысының чемпионаты өтті. №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті әрі еңбекқор жаттықтырушы Есдәулет Құрмантаев осы чемпионатқа 4 шәкіртін үкілеп апарды. Айта кетейік, Есдәулет Құрмантаевтың 4 шәкірті де Тараз төрінде өткен облыстық чемпионатта сәтті өнер көрсетті. 54 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Толғанай Әуесбек жүлделі үшінші орынды иеленсе, 48, 49 және 57 келі салмақ дәрежелерінде қарсылас шыдатпаған Аружан Бахытбек, Ажар Бейбіт, Айдана Әбдікерім секілді жасөспірім қыздар Жамбыл облысының чемпионатында үздік болып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Өткен жұмада Есдәулет Құрмантаев редакциямызға келіп, осындай қуанышты жаңалығын бізбен бөлісті. Аудандық газетте «Аламан» деген айдар бар. Біз бұл айдарды 2018 жылдан бері үздіксіз жүргізіп келеміз. Осы жолы «Аламан» айдарында Есдәулет Құрмантаевтың жаттықтырушылық шеберлігі туралы да жазғанды жөн көрдік.
Бапкер көп әрине. Бірақ «баланың көзіндегі отты» лезде байқайтын бапкерлер аз. Есдәулет Құрмантаевтың артықшылығы да сол, ол баланың көзіндегі отты бірден байқайды. Ол 40 жылдан астам еңбек өтілінде талай шәкірт, яғни чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Алысқа бармай-ақ, мына облыстық чемпионатты алып қараңыз. 4 шәкіртінің 4-еуі де жүлдегер болды. Бұл не деген сөз? Бұл – қажырлы еңбек, содан соң шәкірт пен жаттықтырушының арасындағы керемет байланыс. Шәкірттерінің оны «Ағай» деп құрметтеп тұратыны да сондықтан.
Біз газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде Аружан Бахытбек туралы жазғанбыз. Аружан Қорағаты орта мектебінің түлегі. Облыстық чемпионатта топ жарған Ажар Бейбіт Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы. Толғанай Әуесбек Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің оқушысы. Ал, Айдана Әбдікерім болса, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ақпараттық жүйелер мамандығында оқиды. Есдәулет Құрмантаев бізбен әңгімелесу барысында осы боксшы арулардың ата-аналарымен бірге қыздар білім алатын білім ордаларының басшыларына зор алғысын білдірді. Айта кетейік, бокстан жасөспірім қыздар арасында өткен облыстық чемпионатта топ жарған Аружан Бахытбек, Ажар Бейбіт және Айдана Әбдікерімге «Спорт шебері үміткері» деген атақ берілді.
Марат Диханбай.