Аналар референдумды қолдайды

113 Views

Қыркүйек айының 2-сі күні ел халқына арнаған жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу жөнінде жалпыхалықтық референдум өтетіндігін мәлімдеген болатын. Қазір өздеріңіз де көріп, біліп отырған боларсыздар, Қазақстанда АЭС салу бойынша республикалық, облыстық, аудандық халықтық штаб құрылып, оның құрамына кірген азаматтар мен азаматшалар ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Біз ол жөнінде газетіміздің өткен санында мақала жариялаған едік.
Талай жыл білім саласында еңбек еткен ауданның Құрметті азаматы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзованың модераторлығымен өткен жұмада «Достық» үйінде аналар кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа аудандық аналар кеңесінің мүшелері Ғалия Өтеулиева, Есенкүл Мұхтарова, Ұлту Жайлышева, Райхан Әліпбаева, Кенжекүл Төлеева және Бахыткүл Мырзалиева қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Және жиынға қатысқан аналардың барлығы да өздерінің пікірлерінде Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі идеяны қолдайтындықтарын жеткізді. Отырыстың қорытынды сөзін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы түйіндеп, елімізде атом электр стансасын салу – бұл ғылымның жетістігі екенін айтты. Және әрбір отандастарымыз өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша өтетін жалпыхалықтық референдумға келіп, дауыс беруге шақырды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: