Әбу ханифа және оның мектебі

56 Views

«Мәзһаб» сөзінің мағынасы «жол» дегенді білдіреді. Кеңінен түсіндіретін болсақ, «мүжтәһид ғалымдардың (төрт мәзхаб иелерінің) жолдарымен жүруді айтамыз. Мәзхаб дегеннің не екендігін түсінікті болуы үшін сіздерге мынадай қарапайым ғана мысалмен айтып түсіндіруді жөн санадық: «Пайғамбарымыз с.ғ.с. Ислам теңізі­нің бір шетінен төрт арық ағызып су шығарған. Біле жүріңіз, ол төрт арықтың біреуі Ханафидің арығы, екіншісі Шәфиғидің арығы, үшіншісі Ханбалидің арығы, төртіншісі Мәлики­дің арығы. Қайсы арықтан су ішсеңіз де Пайғамбарымыздың с.ғ.с. шығарған суынан ішкен болып саналасыз. Бұл жерден басқа жерде су жоқ, байқадыңыз ба?! Кімде-кім осыларға ерген болса, Әһли Суннә уәл жамағат өкілі деп білеміз. Мәзхаб деп жолды айтады. Бір қалаға алып баратын төрт жол бар, қайсысымен барсаңыз да қалаға барып тірелесіз. Сонымен қоса, бұл төрт мәзхаб жолының әрқайсысы да Алланың белгілеген шариғат жолдарынан болып саналады. Тек сіз өзіңіз тиісті деп білген (жергілікті мәзхабыңызбен) жолмен баруыңыз керек. Бірінен екінші біріне ауысып жүруіңіз дұрыс емес..»
Аталмыш төрт мәзхабтың дұрыс екендігіне барша мұсылман қауымдары бірауыздан толықтай ижмә (иттифәқ, келісім жасаған) қылған. Бұған дәлел ретінде ғалымдардың төмендегі сөздерін келтіреміз: Танымал ғалым Ибн Рәжәб (795/1393) өзінің «Төрт мәзхабтан басқаға ергендерге той­та­рыс жауап» атты кітабында былай дейді: «Алла Тағала дінді және шариғатты сақтау үшін, өз хикметімен адамдар арасынан төрт имамға (Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал) таңдау жасады. Бұл төртеуі бір-біріне ұстаз, бір-біріне шәкірт болып саналады. Діннің қағидалары осы төртеуінің ұйғарымдары, шешімдерімен бекітіл­ген».
Бұл төрт мәзхаб имамдарының ізбасарлары болған дін ғұламалары да олардың еңбектерін бағалай келе: «Мәзхаб имамдары өз дәуірлерінде ілімнің шыңына шыққан тұлғалардан болды, сенім-наным, фиқһ, хадис т.б. жолдарында өте жетік болды. Күллі мұсылман үмметтері оларға қарыздар, кімде-кім олардың қайсы бірлеріне еретін болса, ғибадаттарын жеңіл жолмен әрі қиналмастан орындайды» деген екен.
Имам Бәдруддин Зәркәши «Бахрул мухит» кітабында: «Мұсылмандардың бекітілген төрт мәзхабы ақиқат жолында болып саналады. Одан басқасына амал қылу дұрыс емес», дейді. Имам Әли ибн Абдуллаһ Самхуди өзінің «Ғиқдул фәрид фи әхкәәмит-тақлид» атты кітабында: «Біліңіздер, Мәзхабты ұстануда үлкен пайда бар. Кімде-кім бұлардан бет бұрса адасқаны. Мәзхабқа еру – мойынұсынғандықтың белгісі. Кезінде табиғиндер де сахабаларға бой ұсынған. Ал сахабалар да өз кезеңдерінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бой ұсынған еді. Мәзхаб дегеніміз – бой ұсыну дегенді білдіреді» деп жазады. Имам Самхуди өз сөзін толықтыра келе былай дейді: «Айтқан сөздерімді дәлелді түрде жеткізетін болсам, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисіне зер салыңыздар: «Егер ихтиләфты (қарама-қайшылықтарды) көрсеңіз, халықтың көпшілігі ұстана­тын тарап жағында болыңыздар, яғни ұстаныңыздар!»(Ибн Мәжә риуаяты).
Түсінікті болсын, біздің елімізде де жұрттың басым көпшілігі Әбу Ханифа мазхабын ұстанады. Ғұлама Зафар Ахмад Усмани «Иғла ус-Сунна» кітабында: «Төрт мәзхаб имамдарының жолдары ақиқатында нағыз тура жол болып саналады», дейді. Мәшһүр мұхаддис ғалым Ибн Хажар Әсқалани өзінің «Мәжмағул муәссәс фил мұғжәмил мұфәхрас» атты еңбегінде өзінің Шәфиғи мәзхабы жолын ұстанатындығына қарамастан, Ханафи мазхабын дәріптей келе былай дейді: «Ханафи мәзхабында біздің мәзхабымызда кездеспейтін мұстахкам негізге ие қағидалар бар».
Қазіргі таңда әлем мұсылман­дарының жартысынан көбісі Хана­фи мәзхабын ұстанады. Мәзхаб ұстан­баймын деген адам «Мен Құраннан және хадистен өзім жеке үкім ала аламын, шығара аламын» деген қателіктерге бой алдыруда. Ал осы орайда біздер алдыңғы буын ғалымдардың қағидаларына сүйенуге мәжбүрміз. Өйткені, ұстазы жоқтың ұстазы шайтан. Ұстазсыз алған білім қашанда адасушылыққа апарады.
Бір амалда бір мәзхабқа, екінші бір амалда басқа бір мәзхабқа еру (ұстану), яғни екіншісіне өту дұрыс болып саналмайды. Дінімізде адасушылық болмау үшін тек бір мәзхабпен жүруге ғана бұйырады.
Нақты айтар болсақ, әһли сүннә уәл жамағаттағы төрт мәзхабтың барлығын да құрмет қыламыз. «Дін негіздері» кітаптары бекіткеніндей, олардың тек біреуін ғана (ханафилік бағытты) ұстанамыз.
Әбу Ханифа жайлы білесіз бе?
Имам Мәлік ибн Әнәс р.ғ. Имам Ағзамды құрметтеп былай дейді: «Хадис ілімін білуде және жеткізуде, ең дұрыстарын (сахих, сенімділерін) таңдауда Имам Ағзамға тең келер ешкімді кездестірмедім». Және айта кетерлігі, бұл кісі өмір бойы Әбу Ханифаны өзіне ұстаз деп санап, бағалап өткен.
Имам Ағзам Әбу Ханифа тарапынан риуаят етілген хадистер жайлы да айта кетер болсақ, Латиф әр-Рахман әл-Бахраижи әл-Қасимидің жинақтаған «әл-Маусуа әл-Хадисия лимәруият әл-Имам Әби Ханифа» («Абу Ханифа риуаят еткен хадистер энциклопедиясы») атты кітабы 2021 жылы Ливандағы «Дәрул кутубул ғилмия» баспаханасында 43 том болып жарыққа шыққан. Автор Әбу Ханифаға қатысты көптеген деректер жинай келе, Имам Ағзам Әбу Ханифа риуаят еткен барлық хадистерді жинақтаған. Аталмыш энциклопедияда 10 588 (он мың бес жүз сексен сегіз) хадис жинақталған. Демек, Имам Ағзам Әбу Ханифаның да мұхаддис ғалым болғандығына еш күмән келтіре алмаймыз. Тағы да қайталап айтамыз, Имам Ағзам Әбу Ханифа (біздің имамымыз) ең алғаш туылған, яғни сахабалар ғасырында туылған екен. Сондай-ақ, Әбу Ханифа сахабалардың ілім сұхбаттарына да көп қатысқан. Сол үшін де қалған үш имам бұл кісіні өздеріне ұстаз ретінде қабылдаған. Осы жерде біздер мына бір нәрсені біліп жүруіміз керек. Имам Ағзам хижраның 80 жылында дүниеге келген. Ал Мәлік ибн Әнәс хижраның 93 жылында дүниеге келген. Ал енді Имам Шәфиғи хижраның 150 жылында дүниеге келген болса, Имам Ахмад ибн Ханбал хижраның 164 жылында өмірге келген.
Демек, мұсылмандардың бірлігі, ғибадаттардың кәміл орындалуы қоғамның тыныштықта болуы үшін жұртымыздың барша мұсылмандары өз ата-бабалары таңдаған Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабының жолымен жүруі өте маңызды болып саналады.
Алла Тағала баршамызды ата-бабаларымыз ұстанған Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы жолымен жүруді, түрлі қарама-қайшылықтарға жол бермеуімізді нәсіп етсін.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: