Тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір

80 Views

Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, Ақыртөбе ауылдық округінің халқымен кездесті. Кездесу жиыны жуырда ғана ел игілігіне пайдалануға берілген Ақыртөбе ауылдық мәдениет үйінде өтті. Кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндап берді. Биыл аудан аумағында 6,7 млрд.теңгенің көлемінде әр түрлі бағыттағы жобалар іске асырылуда. Соның ішінде аудандық, облыстық, республикалық бюджеттерді қоса алғанда 2 млрд.теңгеге жуық қаражат Ақыртөбе ауылдық округіне бөлінген. Қазіргі таңда Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Малдыбай елді мекенінде жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Ақыртөбе ауылындағы көшелерге де асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақыртөбе ауылында электр жарығына қатысты мәселе жоқ. Яғни 100 пайызға орын­далған. Ауылішілік көшелердің де 95 пайызы асфальтталған. Былтыр Ақыртөбе ауылында жаңа денешынықтыру және сауықтыру кешенінің ғимараты салынып, пайдалануға берілген болатын. Биыл жаңа 140 орындық мәдениет ошағы салынып отыр. Осының барлығы кездесуде айтылды. «Сұрақ-жауап» кезеңінде ауыл тұрғындары сұйытылған газдың жетіспеушілігін, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алу, Ақыртөбе орта мектебінің сыртқы қоршауындағы ескі дуалды ауыстыру секілді мәселелерді көтерді. Осы мәселелерге жан-жақты талдау жасап, жауап берген аудан әкімі Ернар Есіркепов осы күні бала қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып отырғандығын айтты. 

Ауданда жасөспірімдердің құқық бұзушылығы 150 пайызға өсіп отырғандығын ескертті. Сондықтан бұл мәселеге барша ата-аналар, қала берді қоғам болып атсалысуға шақырды. Жалпы, ақыртөбеліктер аудан басшысының іскерлігіне дән риза.
Одан кейін аудан басшысы қоғам­дық қабылдауға жазылған ауыл тұрғын­дарының өтініш-тілектерін тыңдап, әрбір қойылған сауалдарға нақты мысалдармен дәйекті әрі тұшымды жауаптар қайырды.

Сәрсенбі күні Ақырөбе ауылында өткендей кездесу жиыны кеше Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу ауылында да өтті. Ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес өткен кездесу жиынында алдымен Өрнек ауылдық округінің әкімі Айбек Абишев ауылдық округте атқарылған жұмыстарды баяндады. Айбек Абишев жалпы ауылдық округте қанша халық тұратынын, округ бойынша үй салатын жер телімі кезегінде 141 адам тұрғанын, сонымен қатар округке қарасты 5 елді мекенде биыл атқарылған тірліктерді айтты. Содан соң аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды айтып берді. Ернар Серікәліұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері 6 бағыт бойынша есепке алынатынын және сол көрсеткіштердің бесеуінде нәтиже пайыздық өлшеммен есептегенде межелі көрсеткіштен асатынын, тек инвестиция бағытында ғана нәтиже төмендеу болып тұрғанын жасырмады. Алайда, ол бағытта да көптеген кәсіпкерлермен, тіпті шет мемлекет инвесторларымен де келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мақсат – мейлі ол қандай бағытта жұмыс істесе де, ауданда тұрғындарды жұмыспен қамтитын өндіріс ошағын ашу. Ол үшін инвесторларға аудандық атқарушы билік тарапынан көмек те көрсетілетінін айтты. Өз сөзінде аудан басшысы жалпы аудан аумағында жыл сайын көшелерге асфальт төселіп, электр жарықшамдары да орнатылып жатқандығын тілге тиек етті. Биыл аудан бойынша 600 млн. теңгеге 24 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Соның ішінде Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар елді мекеніндегі Құрманғазы көшесі де бар.
Ауыз су мәселесі бойынша да Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті, Мамайқайыңды елді мекендерінде проблема болған. Ол талай мәрте айтылды, жазылды. Қазіргі таңда осы 2 елді мекенге құны 500 миллион теңгені құрайтын қаражат республикалық бюджеттен бөлініп, су іркуіш имараты мен ауыз су құбырының жүйесі тартылып жатыр. Ауыз суға қатысты дәл осындай жұмыс Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабында да жүзеге асырылып жатыр. Оған бөлінген қаражат 630 млн. теңге. Осы ауқымды тірліктердің барлығын аудан әкімі Ернар Есіркепов жиын барысында мысалмен келтіріп, баяндап берді.
«Сұрақ-жауап» кезеңінде Өрнек ауылдық округінің тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарын қойды.
Негізінен Өрнек ауылдық округі бойынша 15 көшеге асфальт төселген. 4 көшеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Ол көшелерге келесі жылы асфальт төселетін болады.
Одан бөлек жиында «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша Жарлысудағы Наурызтөбе деген жерге 10 000 түп ағаш егілгенін, оның 90 пайызы өнбей қалғаны да сөз болды. Дегенмен оны тендерден ұтып алған мердігер компания өкілдері қайтадан егіп, тиісті жұмыстарды атқаратыны туралы жиын барысында айтылды.
Одан бөлек, Өрнек ауылына мәдениет үйін салу, Жарлысуға жаяу жүргіншілер жолын салу және осы ауылдағы ауыз судың жыры, Сәлімбай ауылындағы көшелерге асфальт төсеу секілді мәселелер де көтерілді.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы бір жылда барлық мәселені шешіп тастау мүмкін еместігін сөз етіп, айтылған ұсыныстар рет-ретімен кезектілігімен шешілетінін жеткізді. Кездесу жиынынан соң жеке қоғамдық қабылдау өтіп, онда да тұрғындар өздері қойған әрбір сауалға нақты жауаптар алды.

М. ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: