Іскер әкім әрқашан халық қолдауына ие
Сейсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты үйлерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын зерделеп, жылыту маусымына дейін проблемалар туындамас үшін үйлердің шатыры мен жылу жүйелерінің жұмыстарын дер кезінде аяқтау қажеттігін шегелеп айтып, тапсырма жүктеді.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдері жұмыс тобының санын көбейтіп, жылыту маусымына дейін мәселе туындамайды деп сендіріп отыр. Содан соң аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Қарақат ауылындағы сүт тауарлы бағытында игі тірлік жасап жатқан «Хадиджа» ЖК-ның шаруашылық нысанына барды.
«Хадиджа» ЖК-ның шаруашылық нысанында «Галштейн» тұқымды 25 сиыр бар. Бұл сиырларды шаруашылық жетекшісі Алматы қаласы мен Қостанай және Павлодар облыстарынан сатып алып келіпті. Бір сиыр күніне 25 литр сүт береді екен. Шаруашылық күніне Меркі ауданындағы сүт зауытына 700 литр сүт өткізеді. Көңіл тоғайтар тірлікке аудан басшысы Ернар Есіркепов дән риза болып, осы тірлік өзге азаматтарға да үлгі екенін тілге тиек етіп, шаруашылық жетекшілеріне мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажет болса, әрқашан қолдауға әзір екенін жеткізді. Одан кейін аудан әкімі Ернар Есіркепов Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар елді мекеніндегі Құрманғазы көшесіне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының да бағыт-бағдарын көріп, мердігер компания жетекшісімен пікірлесті. Құрманғазы көшесі 1 шақырым 435 метр қашықтықты құрайды. Оған мемлекет тарапынан 54 млн.теңге қаражат бөлінген. Қазір шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Одан кейін бұл көшеге асфальт төселетін болады.
Марат ДИХАНБАЙ.