Еңбек адамы – ел мақтанышы

90 Views

10 қазан – Кәсіподақтар күні. Оның үстіне биыл қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл дегеніңіз – бір ғасырға жуық шежіресі бар іргелі ұйым деген сөз. Осыған орай өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деген тақырыпта салтанатты іс-шара өтті.

Шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова қатысып, сөз сөйледі және осы аудандық білім қызметкерлерінің комитетіне мүше бірқатар азаматтар мен азаматшаларды түрлі наградалармен марапаттады.
Жалпы, аудандық білім бөлімі қандай да бір іс-шара ұйымдастырса, оның жоғары деңгейде өтетіні белгілі. Бұл жолы да солай болды. Іс-шараға ұстаздық қызметте еңбек еткен ардагерлер де, кәсіподақ комитетіне мүшелікке енген кейінгі толқын жастар да қатысты. Атап өткеніміздей, көптеген наградалар берілді. Оның бәрін шағын ғана мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан ешкім сөге жамандамас үшін оны осылай қалдыруды жөн санадық.
Дегенмен осы салтанатты іс-шарада тосын жағдайлар да болды. Әрине, ол номинациялар алдын ала жоспарланған да болар. Алайда кімнің үздік атана­тыны белгісіз еді. Тосын жағдай деп отырғанымыздың себебі сол. Оны да шараға қатысқан кәсіподақ мүшелері сол жерден естіді. Ол тізім мынадай болды. «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясын Бердіхан Бабасов, «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» номинациясын Назгүл Метерқұлова, «Үздік техникалық инспектор» номинациясын Зайра Құлдыбаева, «Үздік видеоролик» номинациясын Толқын Байтикова, «Үздік мақала» номина­циясының жеңімпазы болып Айнұр Тәтібекова танылды. Осы аталған номинацияларда топ жарған жандарға ақшалай сыйлық пен арнайы статуэткалар табысталды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: