Шахматтан Жамбыл облысы кубогының ІІІ кезеңі өтті

81 Views

Құланда қазан айының 12-13-і күндері, яғни өткен сенбі мен жексенбіде Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінде 8, 10, 12, 14 жастағы жасөспірім оқушы ұлдар мен қыздар және 15 жастан жоғары ересектер арасында жылдам әрі шапшаң шахматтан Жамбыл облысы Кубогының 3-ші кезеңі өтті. Бұл жарысқа Сарысу, Шу, Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарынан бөлек Тараз қаласынан 170-тен аса жас шахматшылар қатысты. Айта кетейік, Жамбыл облысының Кубогы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезеңдер Талас пен Меркі аудандарында өткен болатын. Үшінші кезең Тұрар Рысқұлов ауданында ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда шахмат спорты Қазақстанда жоғары қарқынмен дамып келеді. Бибісара Асаубаева сынды ел мақтаныштары еліміздің абыройын байрақты додаларда қорғап жүр. Және қалай қорғап жүр десеңізші. Бибісараны қазір әлемдегі «мен» деген шахматшыларыңыз таниды. Бағалайды, мойындайды. Қайбір жылдары Динара Сәдуа­қасова, Жансая Әбдімәлік секілді шахматшылар да ел намысын талай айтулы додаларда қорғап, қазақтың атын айдай әлемге танытқан болатын. Біздің ауданда да шахматтың даму қарқыны баяу дей алмаймыз. Жақсы шахматшылар болған, шығып та жатыр және алдағы уақытта шыға да берері анық. Ол үшін шахмат үйірмесінде оқушы баптайтын жаттықтырушылар ізденіп, тынбай еңбек етуі керек.
Бір ғана мысал. Ақбұлақ орта мектебінде шахмат үйірмесінен оқушы баптайтын жаттықтырушы Ниязбек Каипов өте еңбекқор азамат. Ниязбек Еділұлының қызы әрі шәкірті Айару Каипованың да жеткен жетістіктерін біз сан мәрте жазғанбыз. Айару шахматтан Бішкек қаласында 6 жасқа дейінгі оқушылар арасында өткен батыс Азия чемпионатының жеңімпазы. Аудан, облыста өзінің жас ерекшелігінде Айаруға тең келер қарсылас жоқ. Міне, біздің ауданда осындай талантты шахматшы қызымыз бар. Біз Айарумен мақтанамыз. Ол әлі талай жетістікті бағындырады. Біз оған сенеміз.
Неге біз осы мақалада жаттықты­ру­шыларды тілге тиек еттік. Себебі аудандағы өзге де әр түрлі үйірмелерде шәкірт баптайтын жаттықтырушылар Ниязбек Еділұлы секілді барын салып еңбек етуі керек. Бапкер атақ, ақша үшін еңбек етпеуі керек. Ол нәтиже үшін еңбек етуі керек. Сонда бәрі де болады.
Енді Ақбұлақ орта мектебінде өткен Жамбыл облысы Кубогының ІІІ кезеңіне келсек. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оны жарысқа қатысушылар да, төрелік еткен төрешілер де айтып жатты. Жарыстың ашылу рәсімінде шахмат жанашыры, ардагер Расылхан Әуелов, Ақбұлақ орта мектебінің директоры Ляйла Қазыбекова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық масштабта өткен жарыс болған соң, деңгей әрине бөлек болады. Жақсы ойнайтын жас шахматшыларды да көзіміз көрді. Бұл жарыста 7 жастағы Айару Каипова 15 жасқа дейінгі қыздар арасында бақ сынады. Бұл категорияда да Айару жеңімпаз атанды. Айтпақшы, Айару Каипова желтоқсан айында жасөспірімдер арасында Тайландта өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Осылайша қаршадай жерлес қызымыз Тайланд мемлекетінде өтетін әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын болады. Айару жеңіс үшін барын салады. Өйткені оның бойында өжеттік бар.
Қош. Сонымен екі күнге созылған Жамбыл облысы Кубогының 3-кезеңінің де қорытындысы белгілі болып, әр жас категориясында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар, алғыс хаттар табыс етілді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: