Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен құттықтау

1 067 Views

Құрметті жерлестер,  ардақты ағайын!

Сіздерді Республиканың әр азаматы үшін айтулы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!

Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Егемен еліміз 16 желтоқсанда салтанатты жағдайда Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Қазақстан мемлекеті өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын, ағайын!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр», -деп атап көрсетті. Аз уақыттың ішінде егемен еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолынан өтіп, халықтың тұрмыс деңгейі артты. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыздың татулығы мен ынтымағының арқасында тұрақты қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Елбасының Қазақ елінің алдағы жарқын болашағын айқындап берген «Қазақстан-2050» стратегиялық бас құжаты -біздің келешек дамуымыздың бағдаршамы. Онда «Мәңгілік Ел» болу мұраты белгіленіп, ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» болып түйінделді.

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 27 жыл толды. Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осы жылдар ішінде ауданда ауқымды істер мен көп тірліктер атқарылды. Құрылыс жанданып, ауылшаруашылығы тың серпінге ие болды. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, жаңа білім, денсаулық, спорт және әлеуметтік құрылыс нысандары салынып, ашылды. Ауданның әрбір азаматы -бүгінгі ел өміріндегі осындай бағасы биік айтулы мерекені лайықты қарсы алу жолында аянбай еңбек етті. Өйткені, күш-қайратын еселі еңбекке жұмылдырған, татулығы мен бірлігі терең тамыр жайған қасиетті еліміз қашан да өзгелерге үлгі боларлық межелі биіктерден көрініп келеді.

Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Еліміз алып, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол -Тәуелсіз Қазақстан!» деп ерекше тоқталған. Олай болса, ынтымағы мен достығы жарасқан Тәуелсіз Қазақ елінің бағын асырып, мерейін тасытатын ұлы істеріңізге сәттілік тілейміз! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні -Ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын, ардақты ағайын!

Аудан әкімі: А.ҚЫРЫҚБАЕВ

 Мәслихат хатшысы: Т.ЖАМАНБАЕВ

Поделиться ссылкой: