Жалған сөз жарға жығады

100 Views

Жылыту маусымы – маңызды кезеңдердің бірі. Осыған сәйкес аудан әкімі Ернар Есіркеповтің арнайы қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары әзірленген. Тіпті арнайы комиссия тобы құрылып, осы күнге дейін төрт мәрте штаб отырысы өткен.

Бұл туралы өткен жұмада кезекті рет өткен аппараттық кеңесте аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков мәлімдеп берді. Сондай-ақ, сала басшысы ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап аудан әкімінің Қаулысына сәйкес, барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілгенін атап өтті. Айта кету керек, жалпы аудан аумағында 165 әлеуметтік нысан бар. Бұлардың 122-сі көгілдір отынға қосылса, 42-сі көмірмен және 1-еуі мазутпен жылытылады.
Дегенмен аудан әкімі кейбір нысандардың жылыту маусымына сақадай сай екендігіне сенбеді. Тіпті, оған айқын дәлел ретінде ауыл әкімдерінің берген есебін экран арқылы көрсетіп, жалған ақпарат берген ауыл басшыларының жұмысын қатаң сынға алды. Сонымен қатар өрескел қателікке жол берген жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдану керектігін айтты.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан аумағында қауіпсіздікті сақтау барысында жүргізілетін үгіт-насихат, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да өз деңгейінде орындалып жатқан­дығына күмән келтірді.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі басшысының айтуынша, биыл 13 мың тұрғын үйдің тек 8 мыңына ғана ақпараттық жадынамалар таратылған. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың аздығын айтып, өзге де тиімді жолдарды қарастыруды Төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық газ шаруашылығының бас­шылығына мықтап тапсырды. Жиын­­да қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы қон­дыр­ғыларды қою, газ құбырларын жиі тазар­ту, білім беру және емдеу мекемелеріндегі жылыту жүйесін тұрақты бақылауда ұс­тау­ды жауапты тұлғаларға шегелеп тапсырды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: