Отанды қорғау – борышың!

93 Views

Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтовтың бастамасымен аудан мектептерінде көптеген ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Оны өзімізде көріп, куә болып жүрміз. Сондай шарапаты мол іс-шараның бірі кеше Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің базасында да өтті.

Юрий Гагарин атындағы негізгі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасыры Таукебаева Назым Бақытжанқызы өте білікті әрі білімді педагог. Ол кеше аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтовтың бастамасымен Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің базасында «Отанды қорғау – борышым!» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оған аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс топ бастығы, лейтенант Сабыр Оралбаев, Дулат және Хамзат есімді әскерге шақырылушылар қатысты.
Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған жиында патриоттық рухтағы әсерлі әңгімелер көптеп айтылды. Өз сөздерінде іс-шараға қатысқан қонақтар Отанды қорғау – әрбір ер азаматтың парызы екенін айта келе, әскерден қашпау қажеттігін, реті келсе, әрбір кәмелет жастан асқан жастарымыз әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтегені дұрыс деген кесімді пікірлерін айтты. Мектеп оқушылары әскерге бара жатқан Дулат пен Хамзатқа да сұрақтарын қойды. Әскерге шақырылушы жігіттер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз еріктерімен әскерге бара жатқандықтарын жеткізді.
Жиын соңында аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов: «Отанды сүю – иманнан» деген өсиетті сөзді жастарға құлағдар етіп, жүрегінде иманы бар адам отанға әрқашан құрметпен қарайтынын тілге тиек етті.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: