105 жыл оқырмандармен бірге!

67 Views

Биыл Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетіне 105 жыл толып отыр. 2019 жылы 100 жылдық жылнамасын атап өткен бұл басылымның расымен де тарихы тереңде жатыр. Осы жылдар аралығында «Знамя труда» газетінде әртүрлі тақырыптағы танымдық, проблемалық мақалалар жарық көріп, оқырманның да сүйікті басылымына айнала білді. Бұл газет 1919 жылы «Аулие-Атинский вестник» деген атаумен Әулиеата уездік комитеті мен уездік атқару комитетінің органы ретінде құрылған. Басылымның алғашқы редакторы, жазушы Анна Алматинская болды. Одан кейін әр жылдары «Вольная Беднота», «Профессиональный вестник Аулие-Атинского уезда», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «За пяти­лет­ку», «Сталинский путь» болып ауысып, 1939 жылы Жамбыл облысы құрыл­ғаннан кейін газет «Коммунист» атауын иемденіп, облыстық комитеттің баспа органы атанды. 1963 жылдың 1 маусымынан бастап газеттің қазіргі атауы қалыптасты.
Облыстық «Знамя труда» газетінің 100 жылдан астам тарихында белгілі журналистер Г.Череватов, Дмитрий Рябов, Лев Негрышев, Николай Токарев, Бенджамин Чундеров, Ирина Маликова, Людмила Перекольская, Игорь Неволин, Бекет Момынқұл, Татьяна Борисенко бас редактор болды. Қазіргі таңда Людмила Мельник басқаратын газет ұжымы оқырмандар үшін еліміздегі ең өзекті және маңызды саяси оқиғалар мен өзгерістерді уақтылы әрі тұрақты түрде оқырман назарына таратып келеді.
Өткен сәрсенбіде Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің 105 жылдығына орай «105 жыл – барша жаңалықтардан хабардар» деген тақырыпта конференция өтті. Конференцияның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып беріп, газет ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. Одан кейін «Жамбыл облысындағы БАҚ саласының дамуы» тақырыбында ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, «Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға әсері» деген тақырыпта «Знамя труда» газетінің ардагері К.Оршабеков, «Облыстық «Знамя труда» газетінің және облыстың ақпараттық секторының дамуы» деген тақырыпта «Знамя труда» газетінің бас редакторы Людмила Мельник сөз сөйлеп, газет тарихына жан-жақты шолу жасады. Конференция соңында Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Ұ.Сламбекқызы, «Aulieata-media» ЖШС-нің бас директоры Д.Асқарұлы сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.

Нұрлан Бықыбаев,
«Құлан таңы» газетінің бас редакторы.

Поделиться ссылкой: