Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Қай газетке редактор болса да, сол газет түрленіп, жайнап шыға келген қазақ журналистикасының қаранары, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Мәдениеттің мәйегі – кітап» депті. Ал қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзін мұқым қазақ біледі деген ойдамыз. «Кітап ақылына ақы сұрамайтын қазына». Әлішер Науаидан осындай сөз қалыпты. «Өзіңді тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек» депті ақын Расул Ғамзатов. Есті сөз. Әй бірақ, осыны ұғып жатқан кім бар қазір?! Дана Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Ол бұндай сөзді бекерден-бекер айтпағаны белгілі. Және қалай дөп басып айтқан десеңізші. Біз ылғи газетімізде жазатын Дени Дидроның да сөзін жаттап та алған боларсыздар. Ол «Адам кітап оқуды доғарған кезде, ойлауды да доғарады» деген. Бауст «Наданмен дос болғанша, кітапппен дос бол» депті. Рэй Брэдбери «Кітаптарды өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол – оларды оқымау» деген екен. Ал Скотт Ридлиден «Әлемдегі ең керемет кинозал – ми. Бірақ сен оны тек кітап оқығанда ғана түсінесің» деген сөз қалыпты. Тізе берсек, бұндай нақыл сөздер өте көп. Қайсыбірін жазайық. Дегенмен, сөздің парқын түсінетін адам осы сөздерден-ақ дүниенің кілті байлық та емес, атақ та емес, менмендік те емес, адамгершілік пен қарапайымдылықта екенін ұғатыны анық.
Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнақұлов Мереке Ержанұлы кітапты көп оқитын азамат. Ол осы аудандық газетте те жемісті еңбек етті. Сондықтан басқа-басқа емес, жаңашылдыққа жаны құштар, білімді, қаламы да қарымды журналист Мереке Ержанұлының аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болғанда шын ниетпен қуанғандардың бірі біз болғанбыз. Қазір расыменде аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде көптеген іс-шаралар өтіп жатады. Соның ешқайсысынан аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері қалыс қалған емес. Одан бөлек, өздерінің бекітілген жоспарына сәйкес, қаншама іс-шара өтіп жатыр. Оның бәрін көріп, біліп, жазып та жүрміз.
Мұрағаттарға көз жүгіртсек, ауданымызда алғашқы кітапхананың құрылымы 1939 жылдан басталады. Сол кездегі «қызыл отауларға» орналасқан шағын кітапханалар аудан жұртшылығына қызмет көрсетіпті. Деректерді сөйлетсек, сол жылдары небары 350 дана кітап болған екен. Әрине сол кезеңдерден осы кезге дейін барлығы «керемет» болды дей алмаймыз. Иә, рас. 1980 жылы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылып, оның саны 48 кітапханаға жетті. Оның құрамына ауылдық, ауылдық балалар, кәсіподақ, қызыл отаулар мен колхоздық кітапханалар енді. Алайда 1990-шы жылдардағы нарықтық кезең кітапханашыларға оңай болған жоқ. 1997 жылдың 1 қаңтарында барлық кітапхана жабылып, тек аудандық орталық кітапхана ғана қалды. Жабылған кітапханалардың кітап қоры мен жиһаздары мектептер мен ұжымдарға таратылып берілді. Міне, осындай да кезеңдер болған. Бірақ ол қиындықтар да артта қалды. Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 1 аудандық, 4 ауылдық балалар, 26 ауылдық, барлығын қоса есептегенде 31 қітапхана бар. Олардың барлығы заман талабына сай компьютермен қамтылып, жоғары жылдамдықты интернет жүйесіне қосылған. 2012 жылдан бері республикалық «Автоматтандырылған библиографиялық ақпараттық жүйеге дерек қорын енгізу» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарып, оқырмандарға қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ауылдық округтердегі кітапханашыларды қоса алғанда 68 штаттық бірлікпен 48 адам жұмыс істейді. Ал аудандық орталық кітапхананың өзінде 20 адам еңбек етеді. Олар директор Айнақұлов Мереке Ержанұлы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Демесинова Маржан Нұрманқызы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Баймұратова Айгерім Нұрсағатқызы, библиограф Жаманбаева Гүлмира Тұрсынханқызы, цифрландырылған ақпараттық орталықтың кітапханашысы Искакова Әлия Алтынбекқызы, Құлан ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы Токиева Меруерт Тұрсынбекқызы, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі әрі кітапханашылары Усербаева Ғалия Жылысбайқызы, Шабеева Тынышкүл Нұралықызы, Керимбаева Айнұр Молдахасымқызы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары Жиенбаева Айгүл Сейсенбекқызы, Сабақбаева Салтанат Айғалиқызы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары Баймұратова Венера Нұрсағатқызы, Муканалиева Аида Әлімжанқызы, Сәлімжан Айымжан Сәлімжанқызы, абонемент бөлімінің кітапханашысы Молдагуланова Лаура Жарылқасынқызы, коворкинг орталығының кітапханашысы Даулетова Гүлдерайым Сүйерқұлқызы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Одан бөлек аудандық орталық кітапхананың бас есепшісі Мұхамеджанова Гүлдана Асетілдақызы, есепшілер Сайтжанова Гүлназ Бейсенқалиқызы, Есбатырова Гүлнұр Ерболғанқызы, программист Берекет Аннаев осы салада абыроймен жұмыс істеп келеді. Мереке Ержанұлы басқарып отырған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз.
Марат Диханбай.
Суреттерді түсірген Ербол Уазиев.