ҰСТАЗЫҢА қарсы келсең — тозасың, ҚҰРМЕТ қылсаң — озасың
Ислам дінінің ең алғашқы бұйрығы «Оқы!» деген аятпен бұйырылғаны. Бұл сөздің астарында тәлім-тәрбие және мәдениет жатыр. Ислам дінінің қайнар бұлағы болып саналған Қасиетті Құранның жетіден бір бөлігі тек білім мен ғылым жайлы баяндайды. Әр адам баласы Алла Тағала Құранда және Пайғамбарымыздың с.ғ.с. хадис шәрифтерінде жеті түрлі адамды өте жоғары ардақтап, оларға ерекше құрмет көрсетілуі керек екендігі айтылады. Олар:
1) әке;
2) ана;
3) ұстаз, мұғалім (пайдалы білім және өнер, кәсіп үйреткен адам);
4) ғалым (тек діни білім жолындағы ғана емес, пайдасы мол түрлі саланы игерген ғалымдар.Өйткені барлық саланың толықтай ғалымы ол – Ұлық Алланың Өзі);
5) Құран Кәрімнен хабардар болған адам;
6) шашына ақ түскен қарт адам;
7) әділетті басшы;
Баршамызға мәлім, мына дүние ғаламның дамуында, адамдардың бақытқа жету жолында ұстаздың орны ерекше. Ұстаздар біздерге ақ пен қараны, жақсы мен жаманды үйретіп, қолымызға ең алғаш қалам ұстатып, «Ата-ана», «Отан», «Ізгілік», «Имандылық», «Ислам» сияқты сөздерді жазуға үйреткен әзиз һәм биік тұлғалар. Сол үшін де дана халқымыз:
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы», «Ұста бар жерде қолыңды тый, ұстаз бар жерде тіліңді тый!», «Ұстазыңа қарсы келсең – тозасың, құрмет қылсаң – озасың» деп бекер айтпаған.
Сөз басында айтып өткендей, ең бірінші ұстазымыз – Алла Тағала.Өйткені Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 31-32 аяттарында былай дейді:
«Алла Тағала Адам Атаға ғ.с. біртұтас атауларды үйретті де сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», деді. (31).
Періштелер: «Сен пәксің! Біздің, сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине сен толық білуші, өте данасың» деді. (32).
Жаратылғандардың ішіндегі ең асыл ұстазымыз ол – асыл пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. болып саналады.Жаратушымыз адамзат баласына асыл пайғамбарды жіберу арқылы жер бетіне Хақ Исламның нұры таралды. Жақсылық пен ізгілік өз жалғасын тауып, бауырмашылдық пен тыныштық орнап, жетім-жесірлерге қамқорлық жасалды. Ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу үлгілері кеңінен тарқалды. Ел қан төгушілік пен адасушылықтан, түрлі опасыздық жолдар мен нәпсінің жетегінде кету сияқты жамандықтар тоқтатылды.Керісінше, Отанын, тілін, ділін қорғауға деген ар-ожданның намысы арта түсті.Жалпы айтқанда, Ислам өркениеті айтарлықтай қарыштана түсті.
Ал енді әр адам баласы үшін ең бірінші ұстазы – өзінің ата-анасы.Өйткені әр ата-ана тәрбие жолын перзенті дүниеге келгеннен бастайды. Сосын перзенті туылған кезден бастап, өздері қарттықпен өмірден озғанша өз перзенттерінің тәрбиелерін қадағалаумен, мейірімділік төгумен болады.
Ал енді ғылым мен білім саласындағы ұстаздарымыздың Алла алдындағы дәрежелерінің қадір-қасиеттері ұшан-теңіз. Олардың алдында мәңгілікке борыштармыз. Олар берген тәлім-тәрбиенің құны алтыннан да қымбат десек артық айтпаған болар едік.
Сол үшін де құрметті оқырман, қадір-қасиеттердің ұғымын білген болсақ, «Ұстаздар және ағартушылар» күндерінде ең бірінші болып өз ата-аналарымыздан бастап және сондай-ақ, мұғалімдерімізге де құрмет көрсетіп, құттықтап қойғанымыз абзал. Әрі сауапты іс екен. Мақсатымыз – олардың ризалықтарын, баталарын алу. Өйткені ата-аналарымыз алдында міндеттеріміз болғандай, ұстаздар алдында да өзіндік міндеттеріміз бар. Балаларымызды ұстаздарды құрметтеуге үйрету де – берекелі іс. Білім алудың ең алғашқы жолы мұғалімді құрметтеуден басталады.
Ғұламаларымыз айтады: Жеті түрлі адамдар арасында ешқашан тепе-теңдік болмайды. Бұл теңсіздікті Алла Тағаланың өзі орнатқан. Тек ақылсыз адамдар ғана бұларды теңестіреді.
Олар:
1) еркек – әйел;
2) күйеуі – әйелі;
3) ұстаз – шәкірт;
4) үлкен – кіші;
5) ата-ана мен перзент;
6) білімді – білімсіз;
7) басшы – қызметші.
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Ұстазым Хаммадқа жасаған құрметімнің соншалықты жоғары болғандығы, тіпті ол кісінің үйінің тарапына қарай аяғымды ешқашан созып жатқан емеспін», деген екен. Бір қызығы, имам Ағзам мен ұстазы Хаммад екеуінің үйінің арасында жеті көше болған екен. Міне, неткен ұстазға деген ілтипат десеңізші?!
«Ұстаз» дегенде тек белгілі бір сала немесе пән бойынша ғана емес, ғылым-білімнің барлық түрлерінде, өнер, кәсіп салаларының кез келген түрлерін үйретуші маманды біздер ҰСТАЗ деп қабылдауымыз керек.
Ұстаз – мұғалім.
Ұстаз – оқытушы.
Ұстаз – тәрбие беруші.
Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.