Ұлттық тәрбиені балабақшадан бастауымыз керек

130 Views

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек.Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әбу Насыр Әл-Фараби. Бұл – дөп сөз. Тәрбиенің өзегі отбасында қалыптасады. Одан кейінгі тәрбиені бала балабақшадан алады. «Ұлттық тәрбие» деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқы өз ана тілі, ата тарихы, төл мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.
Қай заманда болсын, ұлттық өрлеудің халықтық қалыптасудың ең негізгі шарты – білім. Ұлттық тәрбиенің өрісі мен өресі – бүгін де, ертең де, халық үшін көкейтесті мәселе. Ұлттық мәдениет болмаса, ұлт сақталмайды. Ал балабақша ұлттың да, ұлттық мәдениеттің де, өмір сүруімен дамуының алғашқы баспалдағы болып саналады.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Дана қазақ «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Сондықтан да қазіргі кезде халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қымбат қазына ретінде бағалап, балабақшадағы тәрбие жұмысын кешенді ұйымдастыру жағына көңіл бөлуіміз қажет. Адам баласы дүниеге келген күннен бастап, үнемі салт-дәстүр аясында өседі.
Бала тәрбиесінде халықтық, тұрмыстық салт-дәстүрдің туу себептерін, даму ерекшеліктерін ашып көрсетудің тәрбиелік мәні зор. Мектепке дейінгі мекемелерде балалардың жас ерекшеліктеріне сай ата-баба дәстүрі мен халықтық педагогиканы басшылыққа алып, тәрбие жұмыстарын жүргізсе, біздің одан ұтарымыз көп. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып та жатыр.

Нұрбике Молдаханқызы,
«Аяна и Б» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: