Жаны бардың қамы бар

58 Views

Кез келген әзіл өмірден алынады. Мәселен, «Ақпен бірге» деген тамаша жайдарманшы топ бар. Шыны керек, аса бір «Жайдарманның» фанаты емеспіз. Дегенмен «YouTube-тан» арагідік көріп, бақылап тұратынымыз да жоқ емес, бар. Осыдан бірер ай бұрын «Жайдарманның» туған күнінде айтқан осы топтың әзілі маған қатты ұнады. Сонда «Ақпен бірге» жайдарман тобы қоғамда өзіміз күнде көріп, естіп, байқап жүрген мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп, елді күлкіге қарық қылады. Оның бәрін айту шарт емес. Бірақ «Не көп, декретте, яғни үйде бала күтімімен отырған әйелдерге жұмыс көп қазір. Арест шешу, обналичка, «Уатсаптан» жауап беру арқылы 2000 мың теңгеден тапса да болады ғой» дейтіні бар. Былайша қарабайыр сөз болып естілуі мүмкін. Алайда бұл сөздердің астары тереңде жатыр. Уақытты құр босқа өткізбей, күннің жартысын экрандағы түкке пайдасы жоқ «екі жастың басын қосқыш» бағдарламасымақтарды көре бермей, біреуді жамандап, өсек айтқанша, ізден, еңбек ет. Еңбек етсең ғана жетістікке жетесің» деген ой жатыр. Бұны бір ақылымыз тасып айтып отырған жоқпыз, әрине. «Адамдар қамданып, қарекет қылса, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндікті қолданса» деген ой ғой сол біздікі.
Айталық, жақында Республика күні қарсаңында аудан орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оны біз газетімізде жаздық. Бұл жәрмеңкеге аудан аумағындағы 15 ауылдық округтен келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалық өкілдері өз өнімдерін қойып, көпшілікке төмен бағада саудалады. Осы жәрмеңкеде біз жайдары, пейілдері дархан даладай екі әйел азаматшаны кезіктірдік. Біз дегенде, әрине, қасымда «Құлан медиа» ақпараттық орталығының директоры, журналист әріптесіміз Жәнібек Базылбек болды. Олар осы жәрмеңкеге Ақниет ауылдық округінің орталығы Д.Қонаев ауылынан келіпті. Сөйтсек, екеуі бір әулеттің адамдары болып шықты. Бірі – енесі, яғни Роза Егдирова, екіншісі – келіні Жанарай Токтамисова. Роза әпкемізбен де, Жанарай ханыммен де біраз әңгімелескен едік сол сәтте. Бір адамдар болады ғой, ешкімге арамдық ойламайтын, көңілі ақ, аузын ашса жүрегі көрінетін, көпшіл, мінеки, Роза Егдирова мен Жанарай Токтамисова дәл сондай жандар ғой. Әйтпесе, Жәнібек екеуімізде сол арада таныстық. Менменсімей, «сен кім едің ей» демей, қайта қойған сауалымызға нақтылап жауап беріп, өздерінің қарапайым жан екендіктерін ұқтырды. Айтып отырмын ғой, сол жәрмеңкеде Роза әпкемізбен де, оның келіні Жанарай ханыммен де тілдесіп, жасап жатқан еңбектерінің нәтижесін көріп, тірліктеріне тамсанып әрі қолдау көрсетіп, Жәнібек екеуіміз қос-қостан зат та сатып алғанбыз.
Газет ол – экран емес. Бүгін бардың, кешкісін жарыққа шығара салатын. Оның өзінің белгіленген күні бар. Осы жақын күндері «Құлан медиа» ақпараттық орталығы Роза әпкеміздің келіні Жанарай ханыммен өрбіген танымдық видео хабарды жарыққа шығарды. Тұтастай көріп шықтық. Керемет. Осындай еңбек адамдары экранда да, газетте те насихатталуы тиіс. Қайдағы жоқ, түкке тұрғысыз гу-гу өсек сөзді мақсат еткен телебағдарламалардан гөрі жұрт осындай есті, өздеріне қажетті дүниелерді оқып, көргені абзал.
«Құлан медиа» ақпараттық орталығына берген сұхбатында Жанарай Токтамисова:
– Мен осы тоқыма қолөнер саласын 2022 жылдан бастап үйрендім. Өз ісімді қазір жақсы көремін. Ойыншықтар, себеттер (корзина), следилер тоқимын. Ең алғаш «Инстаграм» желісінде айналысатын әпкені көріп, соның сабақтарын үйреніп, материалдарын алып тоқып бастадым. Осы қолөнер саласын 3 ай оқып, сертификатын иеленіп, ойыншықтарды үйден тоқып отырмын. Ең алғаш рет өзімнің кәсібім бойынша көрмеге қатыстым. Сол көрмеде өз жұмыстарымды көрсеттім. Жақында ауданымызда жәрмеңке өтті. Сол жәрмеңкеде өз қолымнан шыққан қолөнерлерімді қойдым. Қазіргі таңда балабақшада «Күзгі бал» өтіп жатыр. Сол «Күзгі балға» мысық пен корзинаны жасап, жеміс көкөністерді қолдан тоқып, ішін толтырамыз. Гипстан жасалған мысық копилкаларда бар. Оны «Тик ток» желісінен көріп, қызығып 2-3 түрлі формаларын алып, жасап үйрендім. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейту мақсатында мемлекеттен кәсіпкерлікке бөлінетін қайтарымсыз грантқа қатысып, керекті құрал-жабдықтарды алсақ деген ой бар, – депті. Иә, осындай іскер, еңбек ететін адамдарды қолдаған жөн.
«Құлан медиадағы» әріптес­тері­міздің мына сөзі қатты ұнады, шыны керек. «Өмірде баланың шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ шығар, сірә! Сәбилердің шынайы шаттығының куәсі болу үшін ұдайы сыйлық сый­лап, қуантып тұрғың келеді. Ал сый­лай­тын ойыншығыңыз «қытайдың қат­тысы» емес, қолдан жасалған болса тіпті керемет емес пе?» деп жазыпты әріптестеріміз. Бала-шағаның қамы үшін тірлік жасап, бәзбіреулер ұқсап, «Маған ана атақты бермеді» демей, еселі еңбек етіп, ауылдастарының риза­шылы­ғына бөленіп отырған жандарға қалай риза болмайсың. Міне, нағыз еңбек осындай болады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: