Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Жақында осыдан бірер жылдар бұрын бірге қызметтес болған Гүлжан есімді азаматша «Уатсаптағы» статусына Жапония мен Қазақстандағы автобус ішіндегі түсірілген фотосуретті салып, ішкі тебіренісін жазып қойыпты. Сонда жапониялықтар автобус ішінде кітап оқып отыр, ал отандастарымыз телефоннан бас алмай отыр. Әрине бұл «Отандастарымыздың кітап оқымайды» дегенін білдірмейді. Бірақ, өкініштісі сол, қазіргі таңда жас өскіндердің көбісі кітап оқымайтыны рас. «Газеттің бетін ашпайтындары» тіпті көп. Дамыған Жапонияңызда газет те, кітап та көп оқылады. Көрдіңіз бе? Кітап, газет оқыған адамның ойы терең, пайым-түсінігі өзгеше болады.
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Газет жұмысы – жазушының досы. Ел көресің, жер көресің. Адамдармен тілдесесің. Шығармаға жем табылады» деген сөзін біз ұдайы жазамыз. Осы сөзді Шерағаң жетер жеріне жеткізіп тұрып айтқан.
Аудандық мәслихат аппаратының көлік жүргізушісі Асылбаев Думан Әзімбайұлы біздің газеттің тұрақты оқырманы. Газеттің кез келген нөмірін ол қалт жібермей оқиды. Бізді таныстырып, табыстырған да – осы газет. 2016 жылдан бері Думан Әзімбайұлымен таныспыз. Ол кезде Думан ағам аудандық ветеринария бөлімінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін. Кейіннен көлік жүргізушісі болып аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінде қызмет етті. Сол 2016 жылдан бері таныстығымыз үзілмей жалғасып, ағалы-інілі болып араласып келеміз.
Журналист болған соң, әр мақаламызда міндетті түрде ой қозғап өтеміз. Соның бәрін Думан ағам түсінеді. Жақсы мақаламыз жарық көріп жатса, міндетті түрде телефон шалады. Пікірін білдіреді. Мінеки, газетіміздің осындай оқырмандары бар. Жылы лебіз журналистке шабыт беретіні сөзсіз. Бізде бір асып-тасып жатқан ақша жоқ. Астымызда заманауи «шикарный» көлік те жоқ. Қарабайыр тіршілік кешіп жүрген адамбыз. Айтайын дегенім, біздің жанымызда ініні баласындай сыйлай білетін Думан Әзімбайұлы секілді қамқор ағалар бар.
Қарапайымдылық кісінің келбетін одан сайын кемелдендіреді. Думан ағам өте қарапайым азамат. Біреудің сыртынан ешқашан ғайбат сөз айтпайды. «Әрдайым елде тыныштық орнап, балалардың болашағы жарқын болса» дейді ол. Думан ағам мен оның құдай қосқан зайыбы Әділкерейқызы Шара жеңгеміз екеуінің отасқанына биыл 35 жыл болыпты. Шара жеңгей де осы жылдың қазан айының 1-ші жұлдызында асқаралы 60 жасқа толыпты. Ал Думан ағамның өзі қараша айының 1-ші жұлдызында 63 жасқа толады. Думан ағам мен Шара жеңгемнің 3 ұлы және 1 қызы бар. Олар 5 немеренің сүйікті ата-әжесі. Шаңырақтары тату, ешкімге жамандық ойламайтын Думан ағам мен Шара жеңгемнің өмір жолы отау құрған жас отбасыларға үлгі-өнеге деп білеміз. Адамды алаламай, руға бөлінбей, қасына ерген біз секілді інілерін баласындай жақсы көріп, ағалық ақылын айтатын адамдар аз қазір. Кітап оқитын, газетті де қалт жібермей қарайтын қарапайым, кішілігі мол осындай адамдардың жанымызда жүргені қандай жақсы.
Марат Диханбай.