Ауданда атқарылып жатқан ауқымды тірлік көп

67 Views

Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов пен аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлы да қатысты. Жиын барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері туралы сөз қозғады.

Рас, соңғы жылдары аудан аумағында көптеген ауқымды тірліктер атқарылып жатыр. Айталық, талай жылдан бері сөз болған Малдыбай ауылына жаңа мектеп құрылысын салу мәселесі биыл шешімін тапты. Қазіргі таңда Малдыбай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын жаңа мектептің құрылысы басталып кетті. Қазір бұл мектептің іргетасы мен кірпіштері қаланып та қойды. Одан бөлек аудан аумағынан шалғай жатқан Қайынды ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт соғылып, ол жақында ғана пайдалануға берілгенін білесіздер. Осындай медициналық нысандар Қорағаты станциясы мен Рахым Сәбденов ауылында да салынып жатыр.
Осы 1-2 жылдың көлемінде аудан аумағындағы ауылдық округтерде спорт кешендері салынуда. Мәселен, бұған дейін Көгершін, Ақыртөбе, Рахым Сәбденов ауылдарында жаңа спорт кешенінің құрылысы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Дәл осындай спорт кешенінің құрылысы Жаңатұрмыс ауылында да салынып жатыр. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарына жаңа су іркуіш имараты мен ауыз су жүйесінің құбыры жүргізіліп жатыр. Құлан ауылындағы Шөңгер елді мекеніндеде жаңа су іркуіш имараты мен ауыз су жүйесінің құбыры тартылып жатыр.
1974 жылдан бері жөндеу көрмеген Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге де биыл «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үйлердің төбесі жабылды. Осы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығын аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылдық округінің халқымен өткен кездесуде баяндап айтып берді.
Кездесудің «Сұрақ-жауап» кезеңінде тұрғындар тарапынан қайтарымсыз грант, жер теліміне қол жеткізу, көше жарығын орнатып, көше жолын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау және жұмыспен қамту сынды мәселелер көтерілді.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке де қабылдап, көтерілген мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетінін атап өтті.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: