Айбек – бірінші, Ержігіт – үшінші орын иеленді
Жақында Жаңатас қаласында бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО, Әлем және Азия чемпионы Серік Өмірбековтің жүлдесіне арналған 2010-2011 жылғы туылған жасөспірім ұлдар арасында II республикалық турнир өтті.
Республикалық турнир болған соң, бұл жарысқа еліміздің әрбір аймағынан жас боксшылар келіп, бақ сынады. Айта кеткеніміз жөн, Жаңатаста өткен республикалық турнирге ауданымыздағы №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдерді боксқа баулып, оларға осы спорттың қыр-сырын үйретіп жүрген білікті жаттықтырушылар Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбай шәкірттерін үкілеп апарды. Нәтижесі де жаман емес. Бұл турнирде Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбай баптайтын қос өрен, яғни Ержігіт Айбас пен Айбек Нұрымбет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нақтылап айтсақ, 33 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Ержігіт Айбас жүлделі үшінші орынды иеленсе, 37 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсыластарының барлығын ұтқан Айбек Нұрымбет республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Осы салмақта жеңімпаз атанған Айбек Нұрымбетке ұйымдастырушылар тарапынан арнайы белбеу сыйға берілді. Республикалық турнирде үздік үштікке енген 14 жастағы Ержігіт Айбас Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқиды. Ол Жалпақсаз ауылының тумасы. Ал, осы турнирде жеңімпаз атанған 14 жастағы Құлан ауылының тумасы Айбек Нұрымбет Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы.
Бұған дейін де талай жасөспірімдердің томағасын сыпырып, үлкен спортқа баптап қосқан Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбайдың қос шәкірті алдағы уақытта талай додаларда да оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. КСРО, Әлем және Азия чемпионы Серік Өмірбековтің жүлдесіне арналған республикалық турнирде жүлделі бірінші және үшінші орын иеленген Айбек Нұрымбет пен Ержігіт Айбасқа осындай нәтиже көрсеткені үшін «Спорт шеберіне үміткер» атағы берілді.
Марат ДИХАНБАЙ.