Ақыртөбе – бірлігі жарасқан ауыл

56 Views

Жақында редакциямызға Ақыртөбе ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев келді. Қолында 2024 жылы Ақыртөбе ауылдық округінде атқарылған жүйелі жұмыстардың тізімі бар. Сөйлестік. Пікірлестік. Редакциялық лездемеде ақылдасып, Сатыбалды ақсақалдың осы мақаласын газетіміздің бүгінгі санында жариялауды жөн көрдік.

Ақыртөбе ауылдық округі бойынша 2 ауыл, яғни Ақыртөбе және Малдыбай елдімекендері бар. Биыл Ақыртөбе ауылында көптеген ілкімді істер атқарылды. Шүкір, жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешені де бар. Құдайға тәубе дейміз. Айталық, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 1,6 шақырымды құрайтын Молдаш Ниязқұлов көшесі, жоба құны 58 миллион 77 мың теңге, Көктал көшесінің (133 метр бөлігі), жоба құны 2 миллион 964 мың теңге, Б.Момышұлы көшесі (220 метр), жоба құны 4 миллион 903 мың теңге, А.Құнанбайұлы көшесі (695 метр), жоба құны 17 миллион 235 мың теңге.
2024 жылы Ақыртөбе ауылында жалпы сметалық құны 356 миллион 778 мың теңгені құрайтын 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ендігі ретте Малдыбай ауылында 120 орындық заман талабына сай жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Жаңа мектеп 2025 жылы ашылады деп жоспарлануда. Биыл ауылымызда наурыз айында «Аналарды ардақтайық» тақырыбында іс-шара өтіп, көп балалы аналарды күтіп, бағалы сыйлықтар беріліп, мәдениет саласының қызметкерлерімен сазды концерт қойылды. Сәуір айында Ақыртөбе орта мектебінде ауыл әкімінің қатысуымен «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында 60 ата-ана қатысқан үлкен семинар болып, пікірлер айтылды. 1 мамыр – Қазақстан Республикасының бірлігі күні мерекесіне орай, Ақыртөбе мектебінің акт залында ауыл ардагерлерінің қатысуымен концерттік шара өтті. 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде де ауылдың 10 зейнеткері «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына да ауылдық округ тұрғындары белсенді түрде қатысты. Айталық, Ақыртөбе ауылындағы Сейталы көшесінің бойында Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің құрметіне ашылған «Даңқ» аллеясы орналасқан. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ескерткіштің маңын күл-қоқыстан тазартып, шөбін шауып, тал-дарақтарды ақтап, стелла жуылып, тазартылды. Әкімшілік қызметкерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері бірігіп, көшелерге және ауылдағы саябаққа 40 туя, 200 қара ағаш отырғызды. Қарасу көшесінің бойына 30 жеміс тал егілді. Шарипхан, Кокумбай, Ақыртөбе, Қарасу, Тойбеков көшелеріне 50 туя шырша ағашы егілді.
Қарасу бұлағын тазарту жұмыстарын жүргізу, қоқыстарды шығару үшін – 3 миллион 746 мың теңге қаражат қойылып, аталған жұмыс толығымен атқарылды. Сондай-ақ, осы бұлақ арнасының бойында орналасқан екі көлік өтетін көпір толықтай күрделі жөндеуден өтті. Ақыртөбе ауылы, С.Ахметов көшесінің бойынан «Стрит воркаут» спорт алаңы салынып, қолданысқа берілді.
Жалпы мемлекет­тік бағдарламадан тыс ауылымыз­да демеушілік тарапынан да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мысалы, биыл «Жомарт түлек» жобасы аясында Ақыртөбе ауылының 1987 жылғы түлектері елдімекен атауы жазылған «I LOVE AQYRTOBE» деген стелласын 1,5 миллион теңгеге орнатты. Жергілікті ардагерлер кеңесінің бастамасымен көшелер мен көпшілік орындарға көшет, тал егу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай окруктегі батыр аналардың құрметіне демеушілер есебінен дастархан жайылып, сый-сыяпаттар таратылды. 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай, Ақыртөбе ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ұлықбек Тлеулиев әлеуметтік осал топтағы 10 отбасыға қаржылай 20 000 теңгеден қайырымдылық көрсетті. Құрбан айтта да Ақыртөбе ауылы бойынша әлеуметтік осал топқа жататын 60 отбасыға азық-түлік алып берілді (бір себет құны шамамен 30 000 теңге).
Қарасу көшесіндегі саябаққа 860 дана раушан гүлі егілді. Қазіргі таңда демеушілік көмекпен Ақыртөбе көшесінде балалар ойын алаңын орнату жұмыстары басталды. Кокумбай, Тотан Сейтбекова көшесінде жерлері анықталып, балалар ойын алаңын орнату жұмыстары басталды. Осы жұмыстарға белсенді қатысып жүрген ауыл қариялары Али Кокумбаев, Нурмахан Жумалиев, Мейрамбек Оспанов және де Ақыртөбе әкімшілігінің қоғамдық жұмысшы қыздары Шынар Молдалимова, Диляра Амиреева, Шолпан Машенова, Бану Маханбетова, Света Раимбетова, Патима Кульбекова, Тойдық Бейсебаева, Бахыт Тілетаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Алдағы жылдар еншісінде де ауылымыз көркейіп, жылдан-жылға жаңара түседі деген ойдамын.

Сатыбалды Иманалиев,
Ақыртөбе ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, «ҚР Халыққа білім беру ісінің үздік қызметкері», ауданның Құрметті ардагері.

Поделиться ссылкой: