Ауданда отандық өнімді пайдалану көлемі артуда

58 Views

«Қазақстандық қамту» термині алғаш рет 2004 жылғы 1 желтоқсанда жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға «қазақстандық өндіруші» (қазақстандық тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер) терминдерімен бірге енгізілді. Содан бері бұл тұжырымдамаға экономикадағы болжау мен жоспарлау барысында көп көңіл бөліне бастады. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген мәліметке сәйкес, қазақстандық өндірушілер шығаратын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай тізімін, олар өндіретін өнімдер каталогтарын жүргізу және нарықтағы сұранысты айқындайтын сатып алу бағдарламаларын көрсету үшін «Қазақстандық қамту» порталы жұмыс істейді. Мұнда компаниялар өндірілетін өнім, оның көлемі туралы мәліметтерді жариялайды. Бұл отандық өндірістегі қазақстандық өнімдердің нақты көлемін көруге мүмкіндік береді.
Қазақстандық өнімдердің пайдаланылу көлемін 90 және одан да көп пайызға дейін көтеруге болатын салалардың бірі құрылыс болып табылады. Бұл түсінікті де. Себебі көптеген қажетті материалдар қолжетімді. Елімізде барлық мемлекеттік нысандарда жобалау кезінде қазақстандық өнімдерді барынша пайдалану міндеті негізгі талап ретінде қарастырылады. Сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сметада әр материалдың шыққан елін міндетті түрде көрсетуі керек. Заңнамада отандық тауар өндірушілердің тізімі ұсынылған. «Атамекен» Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2016 жылы еліміз бойынша қазақстандық өнімді пайдалану пайызы 71, 2017 жылы – 72, 2018 жылы – 77, 2020 жылға қарай ол 87 пайызға көтерілді. Ал бүгінде кейбір нысандарда ол 90 пайызға жетіп отыр. Бұған жергілікті құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындардың ашылуы да ықпал етеді.
Әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп жатқан Т.Рысқұлов ауданында құрылыс саласында отандық өнімнің үлесі жыл сайын артып келеді. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Жаңатұрмыс ауылында салынып жатқан 90 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені мен мәдениет үйіне, Ақыртөбе ауылындағы 140 орындық мәдениет үйіне, 2022-2024 жылдары пайдалануға берілген Көгершін ауылындағы 90 орындық мәдениет үйі, Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сәбденов ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің тапсырыс берушісі болып табылады.
– Тізімде көрсетілген нысандар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау барысында отандық өнімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Соның негізінде есептеулер жүргізіліп, материалдар сатып алынды. Ал құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық өндірушілерден алынғанын мақтанышпен айта аламыз. Аталған нысандарда Меркіде шығарылатын портландцемент, гипс, темірбетон бұйымдары, гипсокартон, күйдірілген кірпіш пайдаланылды. Сэндвич-панельдер мен гофрленген қаңылтырлар Алматыдан келеді. Жылу оқшаулағыш материалдар, пеноплекс, кабель, сым бұйымдары, барлық маркалы арматура, пластмасса, терезелер мен есіктер, тақтайшалар мен түсқағаздарды қабырғаларға жабыстыруға арналған құрғақ қоспа, брусчатка, құм блоктары Тараздан келеді. Ал кәріз құрылысына пайдаланылған темірбетон науалар мен құдықтар Құлан ауылынан, – дейді бөлім басшысы Қаблет Әбдірахманов.

Арайлы Жақсылық.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий