73 Views
Қараша айының 24-і мен 30-ы күндері аралығында Жезқазған қаласында бокстан 2007-2008, 2009-2010 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында Қазақстан
Республикасының чемпионаты өтті. Ауданымыздағы №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек ететін білікті жаттықтырушы Есдәулет Құрмантаевтың шәкірттері Жезқазған төрінде ұйымдастырылған ел біріншілігінде талайдың таңдайын қақтырды. Бұған дейін де Есдәулет Құрмантаевтың қол астында жаттығатын Айдана Әбдікерімнің жетістігі туралы біздің газетте мақала жазылды. Жезқазған қаласында өткен ел чемпионатында Айдана Әбдікерім чемпион атанды. Жуан жұдырықты Айдананың қарсыласын қалай нокутқа түсірген видеосын көрдік біз. Расымен де, мықтыны – мықты деу керек. Айдананың болашағы зор. Ол әлі талай жарыстарда атой салатыны анық.
Бұдан бөлек, осы ел біріншілігінде №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Тоғжан Тұрарқызы да жүлделі үшінші орынға ие болды. Есдәулет Құрмантаевтың қол астында жаттығып, зор табысқа кенелген Аружан Бахытбек те, Мерей Тынышбек те Жезқазғанда өткен Қазақстан біріншілігінде үздік үштіктің қатарынан көрінді. Яғни, олар да жүлделі үшінші орынға ие болды.
Қарақат ауылында дүниеге келген Айдана Әбдікерім қазір Құлан агротехникалық жоғары колледжінде оқиды. Ал, Тоғжан Тұрарқызы Ақбұлақ орта мектебінде оқиды. Аружан Бахытбек Қорағаты ауылында, Мерей Тынышбек Абай ауылында дүниеге келген. Біз бұл қыздардың жетістіктері туралы сан мәрте мақала жазғанбыз. Қазір Айдана Әбдікерім де, Тоғжан Тұрарқызы да, Аружан Бахытбек те, Мерей Тынышбек те жасөспірімдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Есдәулет Құрмантаев бізге берген блиц сұхбатында қыздар оқитын және оқыған мектептің директорларына алғысын білдірді.
Біз осыған дейін де Есдәулет Құрмантаевтың «баланың көзіндегі отты» лезде байқайтын бапкер екенін жазған едік. Міне, ол соны тағы да дәлелдей білді. Қазір шыны керек, ауданымыздағы Әбдікерім Дәурен Қайратұлы басқаратын №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Ол әрине, іскер басшының, білікті бапкерлердің бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде болып отырған жетістік деп білеміз.
Айта кетейік, Жезқазған қаласында жасөспірім қыздар арасында өткен ел чемпионатында Жамбыл облысының атынан қатысқан бұрымды боксшылар 1 алтын, 2 күміс, 9 қола медаль иеленді.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: