95 Views
«Балауса» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері қандай да бір іс-шара өткізсе, соған міндетті түрде айрықша көңіл аударады. Бүлдіршіндердің ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Айталық, жақында бала тәрбиелеу ісінде тәжірибесі бар «Балауса» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері Чынара Асанова мен Алия Жантакбаева «Ақбота» орта тобының тәрбиеленушілерімен «Мейірім сыйла!» тақырыбында іс-шара өткізді. Іс-шараның мақсаты – бүлдіршіндердің бойына мейірімділік, қамқорлық, жанашырлық дейтін құнды қасиетті дарытып, олардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
«Ақбота» орта тобында 12 ұл, 13 қыз бала бар. Іс-шарада алдымен тәрбиеші «Нейро» жаттығуы арқылы сәлемдесіп, бүлдіршіндерді сергітіп алды. «Ақбота» орта тобының бүлдіршіндері тәрбиешілер ұйымдастырған әрбір ойынға белсене қатысып, өздерінің алғырлықтарын көрсетті. Шара барысында «Тілек шоғы», «Поезд», «Шаңырақ» секілді ойындар бүлдіршіндердің қатысуымен ойнатылды. «Мазасыз балапан» ертегісі де айтылды. Ол ертегі бүлдіршіндерге қатты ұнады. Содан соң «Ақбота» орта тобының ұлдары «Менің әжем» әнін орындаса, қыздар «Қамажай» биін билеп, «Анашым» әнін айтты. Іс-шарамызға қатысқан бүлдіршіндеріміздің әжелері балалармен, олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бала тәрбиелеу ісінде елеулі іс тындырып жатқан тәрбиешілер Чынара Асанова мен Алия Жантакбаеваға алғыстарын жаудырып, балаларға өздері тігіп әкелген ұлттық бас киім мен кеудешелерді сыйға берді. Бүлдіршіндер мәз-мейрам болысып, қуанып қалды. Шара соңында тәрбиешілер Чынара Асанова мен Алия Жантакбаева сөз сөйлеп, «Ақбота» орта тобының ата-аналар комитетіне, жалпы, ата-аналарына ризашылықтарын білдірді. Әжелер, яғни «Ақбота» орта тобындағы Асылжанның, Аминаның және Асылханның апаларына да алғысымыз шексіз.
Чынара Асанова,
«Балауса» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.
Поделиться ссылкой: