Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды

60 Views

6 желтоқсан – Прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай, өткен сенбіде аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлының ұйымдастыруымен Рахым Сәбденов ауылындағы спорт кешенінде «Біз экстремизм, терроризм және нашақорлыққа қарсымыз!» деген ұранмен кіші футболдан облыстық жарыс өтті. Жарыс облыстық масштабта ұйымдастырылған соң, оған аймақтың әр аудандарынан, яғни Жуалы, Байзақ, Меркі, Шу, және Тараз қаласынан, сондай-ақ Түлкібастан да футболшылар келіп, бақ сынады. Ауданымыздың да атынан команда жасақталып, бұл жарысқа қатысты.
Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Содан соң аудандық соттың судьясы Сержан Қалқабаев, аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлы сөз сөйлеп, Прокуратура қызметкерлері мерекесінің маңыздылығына айрықша тоқталды. Содан кейін жарыс басталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Мойынқұм ауданынан келген жігіттер еншілесе, жүлделі екінші орынды Жуалы ауданының намысын қорғаған футболшылар иеленді. Ақтық сында жуалылық жігіттерді жеңген Тараз қаласынан келген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлы алғыс хаттар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етті.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: