Сәуле Мешітбайқызы Құланға келді

64 Views

Өткен аптада ауданымызға республикалық «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, сондай-ақ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы оқырмандармен кездесу үшін арнайы іссапармен келді. Сәуле Мешітбайқызы алдымен аудан әкімі Ернар Есіркеповпен кездесіп, өңірдің даму көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әсіресе Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталған «Ауыл аманаты» жобасының нәтижелеріне ерекше назар аударды.
Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы Құмарық ауылдық округінде басталып, кейін Абай, Көгершін, Көкдөнен және Жаңатұрмыс ауылдарында жалғасын тапты. Бүгінде бұл елді мекендердің тұрғындары аталған жобаның пайдасын көріп, бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.
Ресми статистикаға сүйенсек, Көкдөнен ауылдық округінде жобаның ІІ бағыты бойынша 1 320.667.360 мың теңге игерілген. Бұл қаражат 219 аула тұрғындарына жетіп, ауылға 180 бас мүйізді ірі қара, 99 бас бұқа, 320 бас жылқы және 12 400 бас қой әкелінген. Ал V бағыт бойынша көлік жөндеу орталығы, тігін цехы мен жылыжай іске қосылған. Сонымен қатар, округте «Дидар и М» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 69 миллион теңгеден астам қаражат игерілген. Қомақты қаржыға тұқым және тыңайтқыштардан бөлек 2 дана трактор алынған.
Сәуле Мешітбайқызы сапар барысында жобаның тиімділігі мен кемшін тұстарын тұрғындардың өзінен сұрап білу үшін Көкдөнен ауылдық округіне барды. Мәдениет үйінде ауыл жұртшылығымен кездесіп, ұзақ пікір алмасты. Жиында тек ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелер ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесі де сөз болды.
Сапар соңында Сәуле Мешітбайқызы жоба шапағатын сәтті пайдаланған ауыл тұрғыны Данияр Нұрмановтың шаңырағына барып, толымды тірлігімен танысты. Тілге тиек ете кетейік, ауыл тұрғыны жоба аясында 6 300 000 теңгеге қол жеткізіп, бүгінде мал бордақылау ісімен айналысуда.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: