61 Views
Жалпы аудан бойынша 14 000-ға жуық оқушы болса, оның ішінде 667-сі тасымалданып оқытылады. Олар үшін жалпы саны 372 орындықты құрайтын 17 автобус қызмет етеді. Оның 15-і жеке кәсіпкерлер иелігінде болса, қалған екеуі аудандық білім бөлімінің балансында тұр.
Осы күнге дейін облыстық білім басқармасына тағы да екі көлік алу үшін өтініш берілген. Алайда, бұл өтініш әлі қанағаттандырылмаған. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте кеңінен мәлімдеп берді.
Сондай-ақ, сала басшысы өз баяндамасында автобустағы бала қауіпсіздігіне мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері жауапты екенін айтып, көлік құралы техникалық тексерістен ұдайы өтіп тұратынын айтты.
Аудан әкімі Ернар Серікәліұлы оқушыларды ыстық тамақпен қамту, жол қауіпсіздігін қадағалау, Қызылшаруа ауылын кесіп өткен облыстық мәндегі жолға бағдаршам қою, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, ыстық тамақпен қамту кезінде барлық талаптарды сақтау және зерделеу мақсатында жұмыс тобын құру, олардың құрамына мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтарды қосу, балабақша жұмысына талдау жасау, жылыту маусымын бақылауда ұстау сынды мәселелерді көтеріп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Кеңес барысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі де қаралды. Салаға жауапты бөлім басшысын тыңдаған аудан әкімі шағын сауда орталықтарын құру, онда ауданның төл өнімдерін төмен бағада саудалау керектігін айтып, нақты ұсыныстар тізбегін даярлауды тапсырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
Поделиться ссылкой: