Азат елдің рухы да мықты

56 Views

Құдайшылығын айтайықшы, бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанмен әлемнің алпауыт елдері санасатын деңгейге жетті. Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Ертістің арасына дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даласы бар тұғырлы мемлекетімізге төрткүл дүние тамсанып та, қызғана да қарайтыны жасырын емес. Қазақстан әлемдік картада жер көлемі жөнінен 9-шы орында тұр. Бұл әрине, біріншіден, адамның жаны, қасқалдақтың қанымен келген тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасы. Биыл еліміздің азаттық алғанына табаны күректей 33 жыл болды. Қалай десек те Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Бүгінгі мамыра-жай тірлікті, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көру үшін күллі Тұран даласының қаһарман ұлдары қаншама рет айқасты, отқа да, суға да түсті.
Тәуелсіздік. Құлаққа қандай жағымды естіледі. Ал осы қастерлі сөзді болашақ ұрпақ сезінсін деп қаншама бабаларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Керей хан халықтың қамын күйттеп, Жәнібек хан жігерлілік танытып, Қасым хан қайсарлықпен шайқасты. Алаш үшін алысқан, Еділ үшін шабысқан, қол астында бүкіл қазақ табысқан тәуекелшіл Тәуке, сұсты да айбынды Абылай, құбыла көшкен байтақтың ордасындай, темір жұмсап оқ атқан қорғасындай болған батыр бабаларымыз Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, егеулі найза қолға алып, халқы үшін басын тауға да тасқа да соққан ер бабамыз Махамбет, қазақты еміреніп сүйіп өткен, зар заманның өртіне күйіп өткен Алаштың ардақты ұлдары Ахмет, Міржақып, Әлихан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Бейімбет… Осы тұлғалардың барлығы дерлік заманында азуы алты қарыс ілгері мемлекеттің бірі болған, бүгінде аты мен заты картада да жоқ Жоңғар елі болсын, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген астарлы саясат жүргізіп, қазақ ұлтын әлсіретуге қомақты күш жұмсаған қылышынан қан тамған Қызыл империямен болсын, қазақтың тәуелсіздігі мен болашағы жолында аянбай күресіп бақты. Мақсат – біреу. Өз алдына іргесі берік дербес ел атану. Бәрі де азаттықты аңсады. «Мәңгілік Ел» болуды мұрат етті. Бірақ өкінішке орай, дана бабаларымыз үшін тәуелсіздік арман болып қалды. Мінеки, біздер, яғни бүгінгі ұрпақ ғасырлар тоғысындағы сол арман болған тәуелсіздіктің тәтті самалын сездік, көрдік. Ендігі меже ұлт мұраты жолында ел Президентімен бірге ұлы істерге атсалысу. Сондықтан азаттықты тұғырлы да ғұмырлы ету баршамыздың қолымызда екенін ұмытпағанымыз абзал.
Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықты ежелден серік еткен. Қазақстан – өз діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойланатын болсақ, бабаларымыздың жасаған ерлігіне тәнті боласың.
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деген батыр Бауыржан Момышұлының даналы сөзі тасжүрек адамның өзін елітпей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Баукең айтқандай, Отаннан, Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ жер бетінде.
Қазіргі таңда Қазақстан Орта Азияда көшбасшы елге айналды. Еуропаның еңселі елдерімен үзеңгі қағыстыра бастады. Бұл ненің арқасы? Бұл сөзсіз азаттықтың айғағы. Жұтаң ғасырларда жұқарған ұлттық беделіміз қайта жаңғырып жатыр. Ең бастысы – егемен Қазақстан дейтін ел бар. Жер бетінде Тәуелсіз Қазақ елі бар. Бұл біздің еншіміздегі ең ұлы байлық. Туған жердің бағы жанды деген осы емес пе? Ендеше, өткеннен салауат, бүгіннен ғадауат алып, баға жетпес байлығымызды ардақтай білсек, алда талай асуларды бағындыратынымызға шек келтірмеймін.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: