127 Views
Тәу етер Тәуелсіздік үшін қаншама бабаларымыз бен ұлт зиялылары жеке бастарын қатерге тікті. Солардың қайсар рухынан қуат алған желтоқсаншылар 1986 жылы қылышынан қан тамған қызыл империяның айдағына көнбей, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырды. Осылайша, 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған тарих орнады. Бодандықтың қамыты артта қалып, Алаштың төрінде тәуелсіздіктің таңы атты. Барша қазақ бөркін аспанға лақтырып, қуаныштан көз жасқа да ерік берді. Ол – жай жас емес, ішкі түйсікті жарып шыққан шынайы жас болатын. Міне, біз ғұмыр кешіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құндылықтары осындай. Айтар сөзге оңай болғанымен, таусылмас төзім мен жаралы жылдардың жеңісі бұл. Енді тәу етер тәуелсіздігімізді ұлықтап, мемлекеттің татулығы мен бейбітшілігін, берекесі жарасқан ынтымағын сақтау барлығымыз үшін міндет деп білеміз.
Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің Тұрар Рысқұлов ауданында да бөлімшесі құрылған. Ол бөлімшенің төрағасы – Бауыржан Құрымбаев. Одан бөлек ауданымызда «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігі де құрылған болатын. Ол қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жорабек Ануарбекұлы. Аталмыш қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мен оған мүшелікке кірген желтоқсаншылардың да көздеген мақсаттары – бір. Ол тек, елдің бірлігі мен тұтастығы.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде мәнді де мағыналы іс-шара өтті. Шараға осы аталған, яғни «Желтоқсан ақиқаты» және «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен сол үкіметтік емес ұйымдарға мүше Желтоқсан оқиғасының қаһармандары қатысты. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев қатысып, тәуелсіздік хақында оябы бөлек сөздер сөйледі. Одан соң республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің Тұрар Рысқұлов аудандық бөлімшесінің төрағасы Бауыржан Құрымбаев, «Құландық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жорабек Ануарбекұлы және өзге де желтоқсаншылар сөз сөйлеп, бірлік пен татулық ел дамуының негізгі қағидаты екенін сөз етті. Адамға ой саларлық танымдық іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнарпаздары Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» және басқа да есті әндерді орындады.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: